БҰҰ Украина мәселесін талқылады

Бүгін БҰҰ бас Ассамблеясының Украинаға қатысты 11-төтенше арнайы сессиясының алғашқы күні аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нью-Йорк штаб пәтерінде ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш Украинадағы шиеленістің тез арада тоқтатылуын талап етіп, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Сонымен қатар атыстан зардап шеккен азаматтарға көмек үшін БҰҰ тарапынан қосымша 20 миллион доллар бөлінгенін еске салды. Ал Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Сергей Кислица майдан алаңында қаза тапқан ресейлік сарбаздың анасына жолдаған хатын оқып беріп, ұйымның нақты әрекетке көшетін уақыты жеткенін айтты. Сонымен қатар сессияның алғашқы күнінде ресейлік 12 дипломаттың 7 наурызға дейін АҚШ территориясынан шығуы керек екендігі белгілі болды.

Сергей Кислица, Украинаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Қазірдің өзінде жүздеген сарбаз мен бейкүнә сәбилер қаза болуда. Бұл сан күн санап өсіп жатыр. Егер Украина бұл сынақтан аман өтпесе, халықаралық бейбітшілік те болмайды деген сөз және БҰҰ да аман қалмайды. Егер Украина құласа, демократия құлайды. Біз Украинаны сақтап қала аламыз, сол арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымын, демократия мен құндылықтарымызды қорғап қала аламыз.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:

– Украинаны окупациялау біздің жоспарымызда жоқ. Бұл арнайы операцияның мақсаты 8 жыл бойы зардап шегіп келген халыққа көмектесу. Ол үшін демилитаризация мен денацификация жасау керек.