Грузияда ереуілшілер премьер Гарибашвилидің отставкасын талап етуде

Грузияда Украинаны қолдап көшеге шыққандар премьер-министр Ираклий Гарибашвилидің биліктен кетуін талап етті.

Наразылық шаралары елдің бірнеше қаласында өтіп жатыр. Белсенділер үкіметтің Украинаға қатысты ұстанымына, оның ішінде Ресейге экономикалық санкциялар салудан бас тартуына қарсы. Дүйсенбіде Украинаға ерікті ретінде аттанбақ болған 60-қа жуық адамды билік жібермей қойған. Осыны естіген ресми Киев Грузиядағы елшісін кері шақырып алды. Ереуілшілердің қозғалысын оппозиция серкелері де қолдап отыр. Олар Украинаға шұғыл көмектесуді және Еуроодаққа мүше болуға өтінім беруді талап етуде. Билік басындағы партия әскери қақтығысқа араласпаймыз деп мәлімдеді. Елдің Сыртқы істер министрлігі Украинаға гуманитарлық көмек беретінін, пошта арқылы сәлемдемелерді тегін жіберетінін және Украинадан келгендерге қамқорлық жасайтынын айтты.