НАТО Еуропадағы әскери әлеуетін күшейтіп жатыр

Франция Еуропаның шығысындағы НАТО күштеріне әскери техниканы жібере бастады.

Кеше бесінші республиканың оңтүстігіндегі Истр қаласындағы әуе базасынан Румынияға қарай түрлі техниканы тиеген ұшақ ұшып шықты. Бұл елде Францияның 500 сарбазы орналасқан. Ал Франция президенті Эммануль Макрон Украинадағы жағдайға байланысты тағы халыққа үндеу жолдап, қақтығысты тоқтату үшін Ресей тарапымен диалогты жалғастыра беретінін жеткізді.

Эммануель Макрон, Франция президенті:

– Біз НАТО шеңберінде еуропалық елдердің қауіпсіздігі мен егемендігін қорғау мақсатында альянстың аймақтағы күштерін күшейтіп жатырмыз. Кеше Румынияға жүздеген жауынгер аттанды. Бірақ Украинадағы әскери қимылдарды тоқтату үшін дипломатияға күш салып, санкциялар арқылы Ресей басшылығына саяси және экономикалық тұрғыдан ықпал етуді жалғастыра береміз.

Ал АҚШ Германияға тағы 3800 жауынгерін аттандырды. Джорджия штатындағы 3-ші жаяу әскер дивизиясының сарбаздары НАТО шеңберінде жаттығып, альянстың шығыс қапталын күшейтетін болады. Бірақ НАТО Украинаға әскерін жібермейтінін айтып отыр. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы егер Ресей Украинадан әскерін шығарса келіссөз жүргізуге дайын екенін айтып отыр.

Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:

– Біздің экономикалық сакнциялар Ресей үкіметін тоқтатуға, күштеп көндіруге бағытталған. АҚШ дипломатиялық амалдарға да күш салып жатыр. Біз диалог үшін есігімізді ашық ұстаймыз. Бірақ әскери қақтығыстан бас тартпай, мәмілеге келу мүмкін емес.