Украинаның 1 млн тұрғыны көрші елдерге босып кетті – БҰҰ

Украинаның 1 миллион тұрғыны көрші елдерге босып кетті. Бұл бір аптадағы көрсеткіш. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары Филиппо Гранди осылай деп мәлімдеді.

Босқындар негізінен көршілес Венгрия, Молдова, Польша, Румыния мен Словакияға кетіп жатыр.

Чехияға 30 мыңнан астам украиналық табан тіреген. Қалың нөпірге байланысты Чех үкіметі елде төтенше жағдай жариялады. Ерекше режим ертеңнен бастап күшіне енеді.

Словакияға жеткен босқындар тұтас қалалардың күйреп жатқанын айтады.

Александра Белич, IT маманы, босқын:

– Әсіресе, әйелдер мен балалардың зәре-құты жоқ. Түнде жарылыстан шошып ояну - өте қорқынышты. Бұрынғыдай бейбіт өмір сүргіміз келеді. Көптеген қалалар жермен жексен болды. Киев, Харковь, Житомир қиранды астында қалды. Бейбіт халық қырылып жатыр. Балаларымыз бен күйеулеріміз үшін қорқамыз. Біз бас сауғалап кеттік, ал олар Украинаны қорғап қалды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинадан қашқан босқындар  барып жатқан елдерде гуманитарлық дағдарыс басталуы мүмкін деп қауіптенеді. Болжам бойынша, жақын күндері Украинадан еріксіз қоныс аударғандар саны 4 миллионға жетуі мүмкін.