Түркияда маска тағуға міндеттейтін қаулы күшін жойды

Түркияда маска тағуға міндеттейтін қаулы күшін жойды

Түркияда бүгіннен бастап далада маска тағуға міндеттейтін қаулы күшін жойды. Ереже екі жыл бұрын енгізілген. Бұл туралы осы елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Қожа мәлімдеді.

Айтуынша, жеткілікті желдету және әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкіндігі бар жабық орындарда маска тағу қажеттілігі жойылады. Дегенмен бетперде тағу талабы ұшақ, театр, кинотеатр секілді жерлермен мектеп сыныптарында жалғасады.

Бұдан бөлек, өзге де сақтық шаралары едәуір жеңілдейді. Енді коронавирустың таралуын қадағалайтын «ХЭС» қосымшасы да міндетті емес. Сондай-ақ оқшаулар талаптары да өзгерді.

Фахреттин Қожа, денсаулық сақтау министрі:

– Бұған дейін елімізде бірқатар шектеу алынып тасталды. Індеттің бәсеңдегенін көрсететін нақты нәтижелерге қол жеткенде,  қалыпты өмірге оралуға бағытталған қадамдар жасадық. Оқшаулау мерзімі, скрининг, науқаспен байланыста болғандарға қойылатын талаптарға өзгерістер енгіздік.