АҚШ Ресей олигархтарына санкциялар салды

Америка Құрама Штаттары кезекті санкиялар тізіміне Ресейдің 19 олигархын енгізді. Шектеулерге олардың отбасы мүшелері де ілігіп отыр. Олардың арасында 47 адам бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

АҚШ президенті Джо Байден Ресей экономикасын құлдыратуға білек сыбана кірісті. Ол осыған дейін уәде еткендей Ресейдің бай қуатты олигархтарына санкцияларды қатаңдата бастады.

Қара тізімде 19 адам бар. Олардың дені – Путинмен байланысы бар бизнесмендер мен саясаткерлер.

Арасында Ресейдің «МеталлоИнвест» компаниясының негізін қалаушы әрі Путиннің жақын серіктесі магнат Алишер Усманов «Транс-Нефть» компаниясының президенті Николай Токарев, «Ростех» компаниясының бас директоры Сергей Чемезов, Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бар. Сонымен қатар миллиардерлер – Борис пен Аркадий Ротенбергтер, Игорь Шувалов пен кәсіпкер Евгений Пригожин да санкциялар тізіміне іліккендер қатарында. 

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Әділет министрлігі Ресей олигархтарына қатысты тергеу жүргізеді. Олардың меншігіндегі барлық мүлік жіті тексеріледі. Өз қалталарын заңсыз қалыңдатқандардың барлығы жазаланады. Ресей халқының арқасында байып отығандар бар.  Бүгін қара тізімге тағы ондаған адамды қосып отырмыз. Арасында өте бай миллиардерлер бар. Бұдан былай Ресейдің 50-ден астам олигархы мен олардың отбасы мүшелері Америкаға аяқ баса алмайды. Біз алдағы уақытта да Украина халқын қолдай береміз.

Джен Псаки, Ақ үй баспасөз хатшысы:

– Біз бұл санкцияларды салғанда бірінші кезекте бұл тұлғалардың президент Путинмен жақындығын ескердік. Ресей басшысы және оның айналасындағы адамдар Украинадағы жағдайдың салдарын сезінсе деп ойлаймыз. Олардың активтері бұғатталады. Балаларын Батыс елдеріндегі оқу орындарына жібере алмайды. Бұған дейін салынған санкциялар Ресейдің қаржы нарағына әсер еткені соншалық бірнеше күннің ішінде қор нарығы жабылып қалды.

Ақ үйде хабарланғандай, санкцияларға іліккен кәсіпкерлер мен олардың 47 отбасы мүшелері енді АҚШ-тың қаржы жүйесімен ешқандай алыс беріс жасай алмайды. Бұл елдегі активтері толық бұғатталып, жылжымалы мүліктері тәркіленуі мүмкін.