Ресей мен Украинаның кезекті келіссөзі Польша мен Беларусь шекарасында өтуі мүмкін

Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келіссөздің үшінші кезеңі Польша мен Беларусь шекарасына таяу маңда өтуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Украина делегациясының мүшесі Давид Арахамия мәлімдеген болатын. Келіссөзге қатысушы Ресей Мемлекеттік думасының халықаралық істер жөніндегі комитетінің басшысы Леонид Слуцкий де осы ақпарды растаған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Украина мен Ресей делегациялары Беларусьте екі рет кездесті. Алғашқы басқосуда тараптар бір-біріне талаптарын жеткізіп, ұстанымдарын анықтаса, екінші кездесуде Украинадағы бейбіт тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығару үшін гуманитарлық дәліз құруға келіскен. Осыған сай Мариуполь мен Волноваха қаласында дәліз ашылды. Украина тарапы енді Киевтің шеткі аудандары мен Харьков, Сумы және Херсон қалаларында да осындай жасыл дәліз ашуды жоспарлап отырғаны айтылады.