Украина-Ресей келіссөзінің үшінші раунды аяқталды

Беларусьтың Брест облысында Украина-Ресей бейбіт келіссөздерінің үшінші раунды аяқталды.

Кездесу үш сағатқа созылды. Тараптар бейбіт тұрғындарды эвакуациялау бойынша логистиканы талқылап, осы мәселе бойынша бірқатар келісімге келді. Бірақ жалпы келіссөз нәтижесіз аяқталды. Мәскеу Киевпен келіссөзді жалғастырып, таяуда тағы үстел басына отыруды қалайтынын жеткізді. Бейбіт келіссөздің келесі раунды қай күні өтетіні бүгін жариялануы мүмкін.

Михаил Подоляк, Украина делегациясының басшысы:

- Бейбіт келіссөздердің үшінші раунды аяқталды. Біз де гуманитарлық дәліздердің логистикасына қатысты бірқатар келісімге қол жеткіздік. Жаңа өзгертулерге сәйкес, Ресей шабуылынан жапа шеккен тұрғындарға тиімді көмек көрсете алатын болдық. Ал атысты тоқтату, бітім, жалпы әскери қақтығыстарды тоқтату сияқты тұстарды қамтитын саяси мәселелерге қатысты келіссөзді жалғастырамыз.

Владимир Мединский, Ресей делегациясының басшысы:

- Бүгін біз өткен кездесуде келісілген, бірақ сол беті жүзеге асырылмаған гуманитарлық дәліздер туралы ұзақ талқыладық. Себебі украиналық әскерилер белгіленген аудандарда әскери қолбасшылығының бұйрығын орындамады. Осы кездесуден кейін жасыл дәліздер жұмыс істейді деп сенеміз. Мұнда көп құжат пен жобаларды әкелдік. Бүгін талқыланған кей мәселелер бойынша келісімге келіп, қол қоямыз ба деп үміттенген едік. Бірақ Украина тарапы барлық құжатты сараптауға алып кетті. Шынын айту керек, бұл кездесуде күткеніміздей нәтижеге қол жеткізе алмадық.