АҚШ Ресей мұнайынан бас тартты

Әлем елдері Ресейге қарсы санкциялар енгізіп, Украина жеріндегі соғысты тоқтатуды талап етіп жатыр. Тізім күн өткен сайын ұзарып келеді. Бүгін тағы жаңарды.

Әлем бойынша мұнай өндірісінің 11 процентін құрайтын Ресей жаңа шектеудің астында қалды. Бұл жолы, АҚШ Президенті Джо Байден Ресей экономикасының “күре тамыры” саналатын мұнай-газ саласына эмбарго жариялады. Осылайша, Ақ Үйде өткен кездесуде Президент Джо Байден Ресейлік шикізат пен энергетикалық тауарларды АҚШ порттары арқылы тасымалдауды тоқтатуды тапсырды.

Джо Байден, АҚШ президенті:

– Бұдан былай ресейлік мұнай, табиғи газ және энергетиканы импорттауды тоқтатамыз. Еуропадағы кейбір серіктестеріміз біз сияқты ресейлік мұнайды алудан бас тарта алмай отыр. Бірақ біз олармен тығыз келіссөздер жүргізіп, ұзақ мерзімді стратегия құрудамыз. Бұл арқылы сол еуропалық елдердің ресейлік мұнайға деген тәуелділігін жоюды көздеп отырмыз.

Президент Байден өз сөзінде АҚШ-тың нетто экспорттаушы мемлекет екенін айтты. Яғни ел ішінде өндірілетін мұнайдың көлемі импортқа қарағанда жоғары. Мәселен, Құрама Штаттар энергетикалық тауардың 8 процентін Ресейден экспорттаса, оның 3 проценті ғана шикі мұнайды құрайды екен. Сонымен қатар, АҚШ-тың Энергетика Министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы уақытта америкалық компаниялардың Ресей нарығынан жаппай кетуі аталмыш 8 процентті минималды деңгейге түсірді. Дегенмен АҚШ-тың мұнай-газ және энергетика саласына шектеу қоюы Ресей экономикасына анау айтқандай әсер етпеуі мүмкін дейді сарапшылар.

Рандольф Белл, жаһандық энергетикалық орталықтың директоры:

– АҚШ-тың мұнай-газға шектеу қоятынын бұрыннан-ақ естіп келдік. Және оның Ресейге қысқа мерзімді әсер етуі екіталай, себебі АҚШ нарығы Ресейлік экспорттың аз бөлігін ғана құрайды. Алайда Еуропа елдері Ресейлік мұнай-газды алудан бас тартса ол басқа мәселе. Ондай кезде Ресей экономикасы өте, өте қатты зардап шегеді.

Украинадағы қақтығыс пен Ресейлік шикізаттың тұралауы АҚШ нарығына да әсер етпей қоймады деді Джо Байден. Қазірдің өзінде елдегі жанармай бағасы 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан бері болмаған рекордтық деңгейге шарықтады. Жанармай бекеттеріндегі бензиннің галлоны 4,14 долларды құрап отыр. Мұның кесірінен  қарапайым халық зардап шегуде дейді америкалықтар.

– Бұл масқара ғой! Мен көлігімді мейлінше қолданбауға тырысамын. Бірақ сонда да шығынға батып барамын.

–Мен көлігіме жанармай құю үшін аптасына 200 доллар құртатын болдым. Не масқара?! Екі қаланың арасында қатынап, жұмыс істеймін. Және көлігімді күнде айдауға тура келеді.

Естеріңізге салайық, АҚШ-тан бөлек Ұлыбритания билігі де Ресейлік мұнай өнімдерін осы жылдың соңына дейін доғарамыз деп мәлімдеді. Сонымен қатар, табиғи газдың 40 процентін Ресейден экспортап келген Еуроодақ елдері де бұл тәуелділіктен құтылуды көздейтінін айтып, өзге де экспорттаушы елдермен келіссөздер жүргізілетінін мәлімдеді.

Талғат Алманов