Біріккен Корольдік Ресей мұнайынан толық бас тартады

Біріккен Корольдік Ресей мұнайынан толық бас тартады

Біріккен Корольдік Ресей мұнайынан толық бас тартуды көздейді. Бірақ асығыс-үсігіс ештеңе жоқ. Британиялықтардың жоспары кезең-кезеңімен жылдың соңына дейін жүзеге асуға тиіс. Осы аралықта үкіметр тауар тасымалын реттейді. Ал сарапшылар , мұнай нарығындағы жағдай қазірдің өзінде халықтың күнкөріс деңгейін төмендетіп барады деп алаңдап отыр.

Ұлыбритания мұнай және мұнай өнімдерінің 8 процентін, табиғи газдың 4 процентін Ресейден алады. Ал негізгі тасымалдаушылары: АҚШ, Нидерланды және Парсы шығанағы елдері. Жылдың соңына таман ресейлік импорттың орнын осы мемлекеттер толтырмақ.

Бұған қоса, Ұлыбританияның өзі мұнай және мұнай өнімдерінің ірі өндірушісі екендігі белгілі, әрі қоймаларында айтарлықтай қоры бар. Сонымен қатар биліктегілер Солтүстік теңіздегі ірі газ кен орындарын игеруді қолға алуды жоспарлап отыр.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер министрі:

– Жыл соңына дейін Ресей мұнай өнімдерін британ нарығынан ығыстырамыз. Жергілікті бизнес, өндіріс, көлік тасымалы және өнеркәсібіміз бұл бастамадан зардап шекпейді. Бірақ Владимир Путин режимін әлсіретеді. Ресейге шетелден келетін кірістің 44 проценті мұнай мен газдан түсетінін ұмытпаңыздар.

Әлем нарығындағы мұнайдың бағасы, сәйкесінше жанар май құны күрт қымбаттап, өткен жылмен салыстырғанда 24 процентке өсті. Бұл соңғы 13 жылда болмаған жағдай дейді сарапшылар.

Мартин Льюис, қаржы сарапшысы:

– Мұнайдың қымбаттауы тек жанар май құнына ғана әсер етіп қоймайды. Ол тауар тасымалына, сәйкесінше азық-түлік бағасына да ықпал етеді. Егер бұл әскери қақтығыс ұзаққа созылатын болса, көптеген заттар қымбаттайды. Нәтижесінде, қарапайым халық кедейлене түседі.

Украинадағы жағдай британиялықтардың өмір сүру деңгейін әлі де төмендетеді деген болжам бар. Алдағы жылы халықтың табысы 4 процентке азайып, инфляция деңгейі 8,4 процентке өсуі мүмкін. Бұл Ұлыбритания үшін Брексит пен пандемиядан кейінгі тағы бір  ауыр соққы болайын деп тұр.

Ғалымжан Қараманұлы