Украина мен Ресейдің Түркиядағы келіссөзінен нәтиже шықты ма?

РИА Новости

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер раунды осы аптада қайта жалғасты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі елдің сыртқы істер министрлері Түркияда кездесті. Анталияда өткен басқосуға осы елдегі тілшіміз де қатысқан болатын.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Анталиядағы кездесуді төрткүл дүние тағатсыздана күтті. Өйткені, бұл Украинадағы жағдай басталғалы жүзеге асқан ең жоғарғы деңгейдегі келіссөз болды. Түркияның сыртқы істер министрі төрағалығымен өткен жиынға Украина мен ресейлік әріптестері қатысты. Қос тараптың талаптары әрқилы болды. Украина шабуылды дереу тоқтатуды, Ресей әскерін өз территориясынан шығаруды және гуманитарлық көмекке мүмкіндік беруді талап етті. Ал Ресей Украинадан өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін және Қырымның Ресей аумағына қосылғанын ресми мойындауды, сондай-ақ Украинаның ешқандай әскери ұйымға мүше болмауын қалады. Бұл жиыннан әлемнің 40-қа жуық мемлекетінен 350-ден астам БАҚ өкілі мәлімет таратты. Кездесуден айтарлықтай нәтиже шыға қойған жоқ. Бастысы, тараптар гуманитарлық дәлізді әрі қарай жалғастыруға келісті. Беларусь Республикасындағы шағын құрамдағы келіссөздер нәтижелі болғанын айтты. 

Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:

– Президент Путин келіссөздерден ешқашан бас тартпайды. Бұл келіссөздерді өз мүдделері үшін емес, кейбір нақты келісімдерді бекіту үшін ұйымдастырылғанын қалаймыз. Бүгін осы тақырыпты қозғадық, Кулеба мырза тақырыпты баяндап берді, мен оған қосымша құндылыққа қол жеткізіп, мәселені шеше алсақ, біз әрқашан кездесуді жақтайтынымызды еске салдым.

Дмитрий Кулеба, Украина сыртқы істер министрі:

- Мен Украинаның берілмегенін, берілмейді және берілмейтінін тағы да растағым келеді. Біз дипломатияға дайынбыз, дипломатиялық шешімдер іздейміз, бірақ олай болмағанша, біз жанқиярлықпен, өзімізді құрбан ете отырып, жерімізді, халқымызды Ресей басқыншылығынан қорғаймыз.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Анталиядағы басқосудан айтарлықтай нәтиже шықпағанымен екі тарап қайта кездесуге мүдделі. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров келіссөздерді Қазақстанда өткізу туралы Қасым- Жомарт Тоқаевтың ұсынысын құп көретінін айтты. Украина мен Ресейдің сыртқы істер министрлері келіссөз аяқталғаннан кейін бір уақытта екі бөлек залда мәлімдеме жасады. Бұл дипломатияда әскери әрекет жағдайында болатын үрдіс.