Украинада екі апта ішінде 549 бейбіт тұрғын көз жұмған – БҰҰ

BBC

Украинадағы қарулы қақтығыстың басталғанына бүгін он жетінші күн, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атыс-шабыстың тоқтайтын түрі жоқ. Қазір Украинаның бірқатар өңірінде қарапайым халық гуманитарлық дәлізбен эвакуацияланып жатыр.

Харьков қаласында қақтығыс тоқтаған жоқ. Дүйсенбіде көпқабатты үйлердің біріне зымыран түскен. Әуе шабуылдарынан сондай-ақ жергілікті университет, жатақхана мен өзге де ғимараттар қираған. Мариуполь қаласында да жағдай қиын. Тұрғындар жарықсыз, сусыз отыр. Ал Киевте жарияланған комендаттық сағат әлі өз күшінде. Тыныштық тәртібі жарияланып, Киев, Харьков, Сумы және Мариупольден гуманитарлық дәліз ашылды.

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

– Алты гуманитарлық дәліз ашылады. Біреуі Киевтен Гомельге, екеуі Мариупольден Запорожье мен Дондағы Ростовқа, біреуі Харьковтан Белгородқа, екеуі Сумыдан Белгород пен Полтаваға бағытталған. Гуманитарлық дәліздерге қатысты ақпарат алдын ала Ресей жағына, сондай-ақ БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Халықаралық Қызыл Кресттің профильдік құрылымдарына жіберілген.

Сейсенбіде Украинаның Житомир облысында әуе шабуылынан 2 мұнай базасы өртенді. Отқа оранған қойманың бірі Житомир қаласында, екіншісі Черняховте болған. Анықталғандай, алғашында көлемі 10 мың текше метр болатын резервуар өртенсе, екіншісінде жартылай босаған екі мұнай сақтайтын қойма отқа оранған. Қаза тапқандар мен жапа шеккендер жоқ. Мұнай базасына жақын жердегі үйлердің тұрғындары дереу қауіпсіз жерге көшіріліп, өрт ауыздықталды. Ал Харьковте көпқабатты үйлер қираған. Дәрігерлердің көмегіне жүгінген бейбіт тұрғындар көбейген. Украинаның ақпарат құралдары 8 адамның қаза болғанын және әуе шабуылдарының салдарынан шаһарда 21 нысан өртенгенін хабарлады.

жергілікті тұрғын:

- Мына сұмдықты көргенде көз жасымды тыя алмаймын. Әйелім кеше ауыр жарақат алып, төртінші ауруханаға түсті. Оған шынының сынығы тиген. Өлім аузынан қалды.

Зеленский мемлекетке сатқындық жасағандарға жазаны қатаңдатты. Бұдан былай Ұлттық қауіпсіздік негіздеріне қарсы қылмыс жасаған азаматтар 15 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылады. Әскери жағдайда ұрлық жасағандар 5 жылдан 15 жылға дейін түрмеге қамалатын болды. Ал бейсенбіде Украина президенті Ресей Федерациясы мен оның азаматтарының мүлкін мемлекет меншігіне алу туралы заңға қол қойды. Қазіргі жағдайға байланысты ешқандай өтемақы төленбейді. Бұдан бөлек, Владимир Зеленский Ресей шабуылынан зардап шеккен Украинаның әр қаласын қалпына келтіру бағдарламасы құрылатынын айтты. Үкімет алдына тиісті міндет қойылды.

Жалпы, Жоғарғы Рада депутаты келтірген мәлімет бойынша, Украинада әскери қақтығыс басталғалы 71 бала қаза тапқан. Тағы жүзден астамы жараланыпты. Біріккен Ұлттары Ұйымы Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссардың ақпарына сәйкес, екі апта ішінде 549 бейбіт тұрғын көз жұмған. Тағы 900-і зардап шеккен. 

Жұма. Химиялық қару төңірегіндегі дау. Ресей ақпарат құралдарында «Украина химиялық қару қолданғалы жатыр» деген ақпаратқа Владимир Зеленский Украина жерінде жаппай қырып жою қаруы жасалған емес деп жауап берді. Оның айтуынша, мұндай мәліметтің таралуы, керісінше, Ресейдің осындай әрекетке баруы мүмкін екенін көрсетеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бізді биологиялық қару жасап, химиялық шабуылға дайындалып жатыр деп айыптауда. Бұл мені қатты алаңдатады. Ресей бұқаралық ақпарат құралдарындағы айыптаулар мұндай әрекетке біз емес, керісінше олар баруы мүмкін екенін көрсетеді. Ресей әскерилері мен құпия қызметі осыны қалап отыр. Олар мұндай әрекетті өзге елдерде де жүзеге асырған. Алдымен осылай дүрбелең туғызады, артынша өздері ұйымдастырады. Егер тоқтатпаса, олар мұны қайта-қайта жасай береді.

Осы тұста Ресей Украинада әскери биологиялық іс-шараларды талқылау үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінінің отырысын өткізуге шақырды. Кездесу бүгін өтуі мүмкін. Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Украина зертханаларында америкалық мамандардың қатысуымен биологиялық қару жасау жұмыстары жүргізілген. Бірақ Вашингтон Киевке тек қауіпсіздік саласында көмек көрсеткенін айтып, бұл айыптауды жоққа шығарды.

12 наурыз. Украинаның 4 қаласынан 7 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Саясаткер Ресей әскерінің Мариуполь қаласынан тұрғындардың кетуіне мүкіндік бермей тұрғанына наразылық білдірді.  Қазір 400 мың халқы бар шаһарда адамдар сусыз, жарықсыз отыр. 

Владимир Зеленский , Украина президенті:

- Бүгін Ресей әскері гуманитарлық дәліздің жұмысын тағы бұзды. Бұған қарамастан Энергодар, Буча, Гостомель мен Козаровичи қаласынан 7 144 адам құтқарылды. Өкінішке қарай  Мариуполь қаласын әлі де жаулар қоршап тұр. Ресей әскері аймаққа гуманитарлық көмекті  жеткізуге мүмкіндік бермеді. Ертең ауыз су мен азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге тырысамыз. Басқыншылар Мариуполь қаласының мэрін Иван Федоровты тұтқынға алды. Бұл террорлық әрекет. Олар билік өкілдерін күшпен басып алып, әлсіздігін көрсетіп жатыр. Жалпы, Украинада 12 мыңнан астам ресейлік әскердің көзі жойылды. Ал жараланғандар одан да көп.

Өз кезегінде Ресейдің Қорғаныс министрлігі Украинада шамамен 3,5 мың нысан талқандалғанын хабарлады. Бұдан бөлек, аталған ведомство өкілдері әскер 21 шақырымға ілгері жылжыды, өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикалары күштерімен бірге бірнеше елді мекен бақылауға алынды деп мәлімдеді.

Игорь Конашенков, РФ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- 12 наурыз күні таңертең Украинаның әскери инфрақұрылым нысандарына дәлдігі жоғары қарумен соққы жасалды. Васильковтағы әскери аэродром мен Броворадағы Украина Қарулы Күштерінің радио және радиотехникалық барлау орталығы жойылды. Бір тәулік ішінде Ресей авиациясы мен Әуе-ғарыш күштерінің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі 5 дронды атып түсірді. Олардың екеуі «Байрактар ТБ-2», біреуі «Точка-У» тактикалық зымыраны.

Ресей алған бетінен қайтар емес. Зеленский кеше тағы да Ресейге келіссөз өткізуді ұсынды. Тіпті кездесу орнын да белгілеп берді. Украина басшысы Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге болатын алаң ретінде Израильді атады. Шетелдік БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол бейбітшілік орнату сөзбен емес, нақты әрекеттен басталатынын айтты.  

Ғани Мұқашұлы