Украинада атыс-шабыс жиілеп кетті

Украинада атыс-шабыс жиілеп кетті

Украинадағы ахуал күн өткен сайын ушығып барады. Елдің бірнеше қаласына жасалған әуе шабуылдарының басылар түрі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Салдарынан мерт болғандардың саны өсіп, елден босып кеткендердің қатары қалыңдап барады. Десе де кей өңірлерден халықты шығару қиынға соғып тұр. Мәселен, атыс-шабыстардың жиілеуінен гуманитарлық дәліздер қалыпты жұмысын жалғастыра алмайды.

Украинадағы қарулы-қақтығыстың басталғанына он тоғызыншы күн. Қалаларға жасалған шабуылдар сағат сайын үдеп барады. Соңғы күндері Мариупольда атыс шабыстар жиілеп кетті. Салдарынан аймақтағы инфрақұрылым мен тұрғын үйлердің тас-талқаны шыққан. Украина билігінің мәліметі бойынша шаһарды Ресей әскері қоршауға алғаннан бері аймақта 22 бомба атылып, 2 мыңнан астам тұрғын қаза тапты. Жергілікті билік халықты қақтығыс алаңынан шығару үшін 10 гуманитарлық дәліз ашқан.

Айта кетейік, бұған дейін ұйымдастырылған эвакуация шарасы бірнеше рет бұзылған еді. Оған Ресей мен Украина «тыныштық режимін бұзды» деп бір-бірін айыптап жатыр. Ел астанасы Киевте де жарылыстар үздіксіз қайталануда.

Ювгений Гузенко, Киев тұрғыны:

– Жарылғыш заттың осы жерге құлағанын өз көзіммен көрдім. Жойқын жарылыс болды. Көмектесу үшін дереу осында жүрігіп келдім. Бір адамның мерт болғанын көрдім. Марқұм шамамен 70 жастағы ер адам. Мамандар тағы бір әйел адамды құтқаруға тырысқан еді, өкінішке қарай одан да айырылып қалдық.

ИРПЕНЬДЕ ЭВАКУАЦИЯ ЖҮРІП ЖАТЫР

Киевтің іргесіндегі Ирпень қаласынан да эвакуация жалғасып жатыр. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, Ресей күштері шаһардың 30 процентін басып алған. Украина әскері қаланы қайтаруға барынша күш салуда. Киевтің солтүстігіндегі Ирпеньмен бірге Буча қаласы маңында да ұрыс басылар емес. Қала мэрі шаһарда әлі 10 мың адам қалғанын айтады. Өңірден 5,5 мыңнан астам адам эвакуацияланып үлгерді.

Таяуда Ресей әскері Польша шекарасынан 20 шақырым жердегі әскери полигонға әуеден шабуылдаған. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы бұл әрекетті қатаң сынға алып, қақтығысты тоқтатуды талап етті. Ел президенті Владимир Зеленский болса, әскери нысанға жасаған  шабуылдан 35 адамның қаза болғанын хабарлады.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Львов ауданына ғана 30 зымыран атылды. Бітімгершілік пен қауіпсіздік орталығына жасалған шабуылдан 35 адам мерт болды. 134-і жарақат алған. Бұл аймақ НАТО шекарасына 20 шақырым жақын орналасқан. Мен әуе кеңістігін жабу керек екенін тағы ескертемін. Өйткені атылған зымардар НАТО аймағына да түсуі бек мүмкін.