Украинадан үш миллион адам кетті

Украинадан күні бүгінге дейін 3 млн-ға жуық адам өзге елге бас сауғалап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тағы шамамен 6 млн 700 мыңы ел ішінде қоныс аударған. Бұл Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының берген мәліметі. Қазір бұл ұйым Украинаға гуманитарлық көмек жеткізу ісінде белсенді атсалысуда. Аймаққа қажетті дәрі-дәрмек, оның ішінде инсулин, оттегі, хирургиялық құрал-жабдық, қан құюға арналған медициналық заттар мен өзге де препараттарды жеткізіп жатыр.

Ал Ұлыбританияның Денсаулық сақтау министрі Саджид Джавид Ресей әскерінің Украина ауруханаларына жасаған шабуылын «әскери қылмыс» деп атады. Sky News телеарнасында берген сұхбатында Украинадағы қақтығыстан 31 медициналық мекеме қирағанын мәлім етті.

Саджид Джавид Ұлыбритания денсаулық сақтау министрі:

– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметі бойынша Украинадағы 31 медициналық мекемеге шабуыл жасалғанын білеміз. Бұны дәлелдейтін тиісті құжаттар бар. Бұл әскери қылмыс! Путин бұл іс үшін жауапқа тартылады. Осыған дейін Ұлыбританиядан Украинаға 400 млн фунт стерлинг көмек бөлінді. Бұдан бөлек, қосымша дәрі дәрмек тиелген ұшақтар жөнелтілді. Бүгін аймаққа 8-рейс аттанды. Польша мен Молдова Үкіметімен үнемі байланыстамыз.