Ресей күштерінің шабуылы іркіліп қалды – Пентагон

Ресей күштері екі елдің кезекті бейбіт келіссөздеріне қарамастан Киевтің шеткері тұстары мен өзге де қалаларды атқылап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ АҚШ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, демалыс күндері Ресей әскері алға жылжи алмай, іркіліп қалған. Пентагон мұны Украина әскерінің күшті қарсылығы әрі ресейлік күштердің қателіктері және логистикалық мәселелермен байланыстырады. Пентагон өкілі Джон Кирби сондай-ақ Львов аймағындағы Бітімгерлік және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық орталығын бомбалау Ресей күштерінің батыстағы әскери іс-қимылын кеңейте бастағанын көрсетеді деп отыр.

Джон Кирби, АҚШ қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Бұл Украинаның батысында жүзеге асырылған үшінші ірі соққы. Бұл ресейлік күштер ауқымын кеңейте түскенін білдіреді. Бірақ Ресей әскері көп жерде украиналықтардың қарсылығына тап болып, алға жылжи алмай жатыр.

РЕСЕЙ ҚАРУ-ЖАРАҚ ЗАУЫТТАРЫН НЫСАНАҒА АЛАТЫНЫН МӘЛІМДЕДІ

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі өзін-өзі жариялаған Донецк республикасының аумағын атқылағаны үшін Украинаның қару-жарақ зауыттарын нысанаға алып, соққы беретінін мәлімдеді. Осыған байланысты кәсіпорын жұмысшыларын зауыттарға жоламауға, ал жақын маңдағы тұрғындарға қауіпсіз жерлерге көшуге кеңес берді.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

- Бұған дейін біз Украина күштерінің Донецкіні зымыранмен атқылауына жауап қайтарылатынын ескерткенбіз. Осыған байланысты Ресей күштері Украинаның қару-жарақ жасайтын кәсіпорын, кешендерін істен шығару үшін тиісті шараларды қолға алады.