Әр бомба Ресейді әлемнен алыстатады – Германия канцлері

«Украина аумағына түскен әр бомба Ресейді халықаралық қауымдастықтан алыстатады». Анкараға келіп, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездескен Германия канцлері осылай деді.

Бұл оның желтоқсанда сайланғаннан кейін түрік еліне жасаған алғашқы ресми сапары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олаф Шольц, Германия канцлері:

- Сондықтан біздің Ресей президентіне қоятын ортақ талабымыз – бомбалауды тоқтат! Бұл қақтығысты тек қана дипломатиялық жолмен шешу қажет. Осы тұрғыда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер өте маңызды. Украинаның егемендігіне жасалған шабуыл – Еуропадағы әділдік пен бейбітшілікке жасалған шабуыл.

Р.ЕРДОҒАН: РЕСЕЙДЕН ҚАРУ САТЫП АЛУ КЕЛІСІМІН ҚАРАСТЫРАМЫЗ

Ердоған Ресейден болашақта қару-жарақ сатып алу мәселесін қарастыратынын мәлімдеді. Ресейдің «С-400» зымыранға қарсы қондырғыларын сатып алу туралы келісім 2020 жылы жасалған болатын. Бірақ Түркия басшысы Украинадағы жағдайға қарау керектігін ескертті.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

- Ресейден қару сатып алу мәселесі туралы бірдеңе деп айту әзірге ертелеу. Мұны болашақ көрсетеді. Қандай шарттар қойылатынын қарастыруымыз керек. Біз Зеленский мырзамен де, Путин мырзамен де достық қарым-қатынастамыз. Санкцияларға қатысты Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында әрекет етіп көрдік. Әрі Ресейге қарамастан Украинаға қолдау білдірдік. Бұл тұрғыда НАТО-ға мүше басқа елдер қалыс қалды.