Германия халқы жанармайды Польшадан тасымалдап жатыр

Zagranportal

Германияда жанармай қымбаттады. Бұған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс және санкциялардың салынуы басты себеп. Соңғы кездері неміс көлік жүргізушілері көрші елге ағыла бастаған.

Германияда 2 аптадан бері жанармай мен дизель 2 еуродан артық бағаға сатылып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл шамамен 1 еуроға қымбат. Кейбір сарапшылар тіпті 3 еуроға қымбаттауы мүмкін деп қауіптенеді. Жүк тасымалымен айналысатын фирмалар да қызмет көрсету құнын көтеретінін ескертті.

Тил, Берлин тұрғыны:

- Әрине халықтың атынан сөйлей алмаймын, бірақ көп адам бейбітшілік үшін қымбатшылыққа шыдауға дайын екенін анық білемін. Мұнай эмбаргосын енгізу дұрыс шешім болды. Мұны көпшілік қолдайды деп ойлаймын.

Дирк Энгельхардт, жүк тасымалы және логистика қауымдастығының баспасөз хатшысы:

- Мұндай қиын жағдай бізде болмағалы қашан. Жүк тасымалдаушы компаниялардың біразы банкротқа ұшырады. Бұл қазір жалпыеуропалық мәселеге айналды. Еуроодақтың көптеген елдері дизельді арзандатып, логистика фирмаларына көмектесіп жатыр.

Қазір Германияда жанармай туризмі қарқын алуда. Немістер көрші Польшаға ағылып жатыр. Ол жақта жанармай бағасы 1 жарым еуроға арзан. Бірақ артық алуға болмайды. 20 литрден асса, 1 жарым мың еуро айыппұл салынады.

Йорг Праузе, автонарық сарапшысы:

- Жанармай алу үшін туристер Польшаға көптеп барып жатыр. Көлік багын толтырған соң қосымша 20 литр ғана алуға рұқсат етіледі. Одан артылса, заңды түрде салық төлеу қажет. Кері жағдайда айыппұл салынады. 

Жақсы жаңалық та бар. Саясаткерлер таяуда жаңа жоспар ұсынбақ. Көлік жүргізушілеріне бір литр жанармай үшін 20-40 центке дейін жеңілдік берілуі мүмкін.

Шолпан Найманбаева