Әлем экономикасы шатқаяқтап тұр

Коронаиврус пандемиясынан әлсіреп қалған әлем экономикасы енді Украина мен Ресей арасындағы шиеленістен зардап шекті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ресейге қарсы қабылданған санкциялар салқыны елдің әл-ауқатын әлсірете бастады. Қазір жаһанды валюта тұрақсыздығы мен қымбатшылық жайлады. Мәселен АҚШ-та инфляция өссе, Еуропада жанармай мен газ бағасы өсті. Халықаралық валюта қорының әлемдік экономика жайында жасаған мәліметі де көңіл көншітпейді.

Украинадағы қарулы қақтығыс әлем экономикасына ауыр соққы болмақ. Халықаралық валюта қорының жасаған мәліметіне сәйкес, тараптардың шиеленісі жаһандық экономикалық өсімнің баяулауы мен инфляцияның шарықтауына әкеледі. Салдарынан азық-түлік пен энергия тасымалдаушы тауар құны аспандайды. Әсіресе көрші елдерде ақша айналымы мен тауар жеткізу жағынан біраз қиыншылықтар туып, саудадағы алыс-беріс тұралайды. Шекарадағы босқындар дағдарысы да өзге елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізері сөзсіз,– дейді қаржыгерлер.

Кристалина Георгиева, ХВҚ басқарушы директоры:

– Бұрын-соңды болмаған санкциялардың кесірінен Ресей экономикасының құлдырауына әкелді. Жаппай девальвация инфляцияның өсіміне әкелдеді. Бұл өз кезегінде жаһандық экономикаға ықпалын тигізеді. Әсіресе Украина және Ресей нарығымен тығыз қарым-қатынаста болған елдерге тиімсіз. Көбінесе Орталық Азия, Кавказ, Молдова, Балтия елдері санциялардың салқынын сезеді. Босқындар да бірінші кезекте осы елдерге ағылады.

ФЕДЕРАЛДЫ ҚОР ЖҮЙЕСІ НЕГІЗГІ МӨЛШЕРЛЕМЕНІ АРТТЫРДЫ

АҚШ-та инфляция кейінгі 40 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Соңғы 4 жылда алғаш рет Құрама штаттарының Федералды қор жүйесі негізгі мөлшерлемені 25 пункте көтерген. Федералды қор жүйесінің басшысы Джером Пауэллдың айтуынша, инфляцияның шарықтауына Украинадағы қақтығыс пен Ресейдегі санкциялар да өз ықпалын тигізді. Джером Пауэлл бұл тұрақсыздық аймақта қымбатшылыққа әкелетінін ашық айтты. Бұған қарамастан, АҚШ-тың еңбек нарығындағы жағдай көңіл көншітерлік екенін атап өтті.

ХАЛЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ

Қаржы дағдарысымен Еуропа елдері де күресуде. Жуырда Франция билігі халыққа мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету мақсатында тиісті шараларды қолға алды. Бірінші кезекте қаржылай жәрдем санкциялардан зардап шеккен салаларға бағытталған. Олардың арасында табысынан қағылған балық аулау, ауыл-шаруашылық саласының қызметкерлері мен өзге де ірі компаниялар бар. Жаңа заңға сай мемлекет компаниялардың газ бен электр қуатына кеткен шығынның бір бөлігін қамтиды. Бұған дейін де Үкімет аймақта жанармай мен электр қуатының өсімін шектеген болатын.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Ресейге қатысты қабылданған санкциялар аз да болса бізге әсер етеді. Бұны жақсы түсінуіміз керек. Сонықтан мүмкіндігінше, Ресей шикізатының импортына тәуелді болмау керек деп есептеймін. Жергілікті билік кәсіпорындарға көмек ретінде біншама жеңілдікті мақұлдады.

ИНФЛЯЦИЯ ӨСІП, ҚЫМБАТШЫЛЫҚ БЕЛЕҢ АЛДЫ

Ал Ресейдің өзінде инфляция деңгейі екі апта қатарынан 2 процент төңірегінде тұр. Қазір аймақта қымбатшылық белең алды. Қант, дәнді дақылдар, техника мен дәрі-дәрмек аспандап тұр. Жүздеген шетелдік компания Ресей нарығымен байланысын үзді. Бұл тұтынушылардың қалтасын ғана қағып қоймай, жұмыс орнының қысқаруына да әкелді. Кей сарапшылар жыл соңында елдегі жұмыссыздық 7 процентке өсетінін болжап отыр. Бұған қарамастан үкімет әлеуметтік төлемді арттырып, бюджет саласындағы жалақыны көтермек ниетте. Бұл туралы ел президенті Владимир Путин жария етті.