Түркия реформасы: ауыл әкімінен президенттіке дейін

Түркия реформасы: ауыл әкімінен президенттіке дейін

Жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалау тәжірибесі Түркияда да бар. Халық аудан мен аймақтағы саяси дода жайлы жақсы біледі. Сондықтан әр үміткер мен саяси партия тұрғындар көңілінен шығуға тырысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркияда жергілікті басқаруға сайлау арқылы келу үрдісі 1930 жылы басталған. Бүгінде елде жергіліктің биліктің орнықты жүйесі қалыптасқан. Мемлекет провинция, аудан, қала, кент пен ауылдарға бөлінген. Соның ішінде провинция мен ауданда екі басқару түрі бар. Олар губернатор мен мэр. Губернатор ішкі істер министрлігі тағайындаса, мэрлерді жергілікті халықтың өзі сайлайды. Энвер Демирел, Анкараның Этимесгут ауданының мэрі. Жергілікті сайлауда 6 рет жеңіске жеткен. Оның айтуынша, жергілікті сайлау – демократияның жарқын көрінісі.

Энвер Демирел, Анкара Этимесгут ауданының мэрі:

– Жергілікті басқарудың ерекшелігі – басшысы сол аймақта туып-өскен немесе мекеннің мәселелерін жетік білетін, тұрғындардың ойын дөп басатындығында. Сол секілді тұрғындар да басшысын білуі жөн. Әлбетте, тәжірибе, біліктілік пен білім маңызды. Бюджетті тиімді қолдану, соның ішінде қай салаға басымдық беруді білу керек. Бұл сайланған мэрдің тікелей тәжірибесіне байланысты. Дегенмен сайлауға кез келген кісі, кез келген саяси партияның үміткері түсе алады. Сол мандаттарға арасынан жергілікті тұрғындар дауыс беріп, басшысын таңдайды.

Елде бір ғасырға жуық ауылдағы әкімдер де сайланады. Тіпті бірнеше жыл бұрын 1 дауыс артықшылықпен жеңіске жеткендер де болды. Қазірде әкімге жалақыны ішкі істер министрлігі төлейді. Бірнеше жыл бұрын олардың табыс көзі тұрғындарға берілген анықтама арқылы жинақталған.

Ченгиз Йигит, ауыл әкімі:

Мөлтек аудан немесе ауыл әкімі деген кезде ойымызға егде жастағы аталар түсетін. Соңғы 15-20 жылда бұл түсінік түбегейлі өзгерді. Білімі бар, орта жастағы үміткерлер, тіпті әйелдер саяси додаға түсіп жүр. Бірнеше жылдан бері бізде де сайлау өте қарқынды. Үміткерлер бір-бірінен баса озуға тырысады. Мәселен, менімен бірге 11 үміткер болды. Оның 2-еуі әйел. Ауылдағы әрбір үйді аралап, жоспарымызды түсіндірдік.

Түркияда ауыл әкімі болу саяси мансаптың бастапқы сатысы. Сондықтан оған бәсеке күшті, жауапкершілік те жоғары. Ал үлкен қалаларда жеңіске жету – президенттікке үміткерлік деген сөз. Мәселен, президент Ердоғанның өзі Ыстамбұлдың мэрі қызметінен кейін елдің премьер-министрі болған.