Украинада коменданттық сағат жарияланды

Украина астанасы Киев пен Киев облысында коменданттық сағат жарияланды. Айрықша уақыт тәртібі 23 наурызға дейін күшінде болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәрсенбі таңғы сағат 7-ге дейін дүкен, дәріхана, жанармай құю бекеттері мен кәсіпорындар жұмыс істемейді. Тұрғындар үйінен немесе паналайтын орындардан шықпауға тиіс. Қала ішінде арнайы рұқсат құжаты бар көліктер ғана жүре алады. Бейсауат жүргендер диверсиялық-барлауы тобы ретінде тұтқындалмақ.

Айта кетейік, Киев қаласы мен облысында коменданттық сағат соңғы рет наурыздың 15-і мен 17-сі аралығында жарияланған еді.

Виталий Кличко, Киев мэрі:

– Жау астанаға шабуылдауды жалғастырып жатыр. Бұған дейін 6 тұрғын үйге, 2 мектеп пен 2 балабақшаға соққы жасалды. Әуе шабуылдарынан кейінгі өрт салдарынан елорда мен облыста ауаның ластануы байқалады. Сондықтан терезелерді ашпаңыздар. Коменданттық сағатты тағы да күшейттік.