Алматыда ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Алматыда Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының отырысы өтті.
Басқосуға құзырлы органдардың өкілдері, ЮНЕСКО-ның орталықтары мен кафедраларының жетекшілері, Комиссия жанындағы ұлттық комитеттердің басшылары, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Алматы қаласындағы Аймақтық кеңсесінің өкілдері қатысты. Жиында бүкіләлемдік гуманитарлық ұйыммен өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері талқыланды. Ерлан Қарин Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы еліміздің ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығының басымдықтарын айқындап бергенін айтты. Президент өз сөзінде Қазақстанның Бүкіләлемдік мұра комитетіне мүше болғанын атап өтіп, елдің мәдени және табиғи мұраларын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізуге қатысты нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің сәуір айындағы отырысында климаттың өзгеруіне байланысты ЮНЕСКО аясында Алматыдағы Өңірлік гляциологиялық орталықтың жүйелі түрде жүргізіп отырған зерттеулерінің маңыздылығына айрықша назар аударды. Осы орайда Мемлекеттік кеңесші уәкілетті органдарға Қазақстан Республикасы мен ЮНЕСКО арасындағы Орталыққа қатысты келісімнің мерзімін ұзарту мәселесін пысықтауды тапсырды. Басқосуда ЮНЕСКО-ның аймақтық кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Халафова ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қаринге «Тұранның қысқы суық шөлдері» көпұлттық номинациясының құрамдас бөлігі ретінде «Алтын Емел» ұлттық паркі мен Барсакелмес қорығының ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра тізіміне 2023 жылы енгізілгенін растайтын сертификаттың түпнұсқасын табыс етті.