ЕО Ресейге тағы санкциялар салатынын жеткізді

ЕО Ресейге тағы санкциялар салатынын жеткізді

Еуропалық Одақ Ресейге тағы қосымша санкциялар салуға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы ұйымның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Одаққа мүше елдердің Сыртқы істер және қорғаныс министрлері кездесуінен кейін мәлімдеді. Ақпарға қарағанда Одақ Ресейге мұнай эмбаргосын жариялап, СВИФТ төлем жүйесінен ажыратылмаған банктерді де бұғаттауды қолға алуы мүмкін. Еуроодақ бұған дейін де Ресейге қатаң санкциялар енгізген. Мысалы, Орталық банктің активтерін бұғаттап, Ресей мен Беларусьтің 600-ден астам саясаткері мен кәсіпкеріне және олардың жақындарына шектеу қойған.

Жозеп Боррель, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі:

– Санкциялар Ресейге қатысты біздің ұстанымның маңызды бір бөлігі болып қала береді. Біз халықаралық әріптестерімізбен бірге Ресейге қарсы қосымша шектеу шараларын қабылдауға дайынбыз. Ресей халықаралық және гуманитарлық құқықты бұзып отырғаны үшін оқшаулау жалғаса береді. Украинаға экономикалық, қаржылай және гуманитарлық тұрғыда көмектесіп,  әскери күштеріне қолдау көрсете береміз.

Бұдан бөлек Жозеп Боррель Еуропалық Одақ ұйымның әскери ықпалын күшейту үшін қауіпсіздік стратегиясын қабылдағанын жеткізді. Оған сай күтпеген дағдарыс кезінде қолданылатын 5 мың жауынгерден тұратын жедел әрекет ету күштері құрылатын болады. Бұл Одақтың 2007 жылы жасақталған әскери құрылымдарын ауыстыратын болады.