ДДСҰ: Жарты миллион украиналықтың жүйкесі сыр берген

Украинадан Польшаға келген жарты миллион босқынның психикалық саулығына зақым келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы поляк мемлекетіндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, 30 мың украиналық ауыр менталды сырқатқа шалдыққан. Дәрігерлер босқындар арасында іш өту және ағзаға су жетіспеушілік белең алғанын алға тартады. Біріккен Ұлттар Ұйымына қарасты Босқындар ісі жөніндегі агенттіктің хабарлауынша, Украинадан 3 жарым миллионнан астам адам бас сауғалап, шетелге өткен. Оның 2 миллионнан көбі Польшаны паналаған.

Мэттью Салтмарш, БҰҰ босқындар агенттігінң ресми өкілі:

- Украинаның өзі ішінде 6 жарым миллион адам тұрғылықты, үйреншікті жерін ауыстыруға мәжбүр болған. Мұндай көші-қон дағдарысы бұрын-соңды болмаған. Шетел асқан босқындар саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Біз барлық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз.