Оңтүстіккореялықтар Украина халқын қолдап, шеруге шықты

Украина халқын қолдауға арналған шеру Оңтүстік Кореяда да өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Соғысты тоқтатыңдар» деген ұранды ту еткен шерушілер Сеулдегі Ресей елшілігі ғимаратының жанына жиналды. Шараға үкіметтік емес түрлі ұйымдар, қоғамдық және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Олардың айтуынша, Украинадағы соғыс Еуразияда тұрақтылық пен бейбітшілік орнатуды қиындатады. Оңтүстік Кореяда күніне ковид жұқтырғандар саны 400 мыңға жуықтаған соң билік шеруге қатысушылар санын 50 адамға дейін шектеді. Белсенділер Ресейдің басқыншылық әрекеті тоқтағанша, наразылық акцияларын жалғастыра беретінін жеткізді. Киевке Сеул қалалық әкімдігі де қолдау көрсетті. Қала басшысы жиынға Украина елшісімен бірге келді. Ол Украинаға көмек қорына 200 мың доллар тапсырды.

На Хен Пхиль, халықаралық ұйым өкілі:

– Ресей басқыншылығын айыптаймыз. Біз Ресейден әскерін тез алып кетуді талап етеміз. Халықаралық ұйымдар екі тараптың арасында келіссөздердің жүргізілуін бірге талап етуі тиіс.