Ресейде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды

Ресейде дәрі-дәрмек тапшылығы байқалды

Ресейде дәрі-дәрмектің тапшылығы сезіліп отыр. Өйткені импорттық препараттардың жеткізілуіне қатысты қиындықтар себеп. Салдарынан дәрі-дәрмекпен қоса шетелден келетін азық-түлік те қымбаттап барады.

Қазір Мәскеу дәріханаларынан адам өмірі үшін аса маңызды дәрі-дәрмек табу оңай емес. Алайда билік елде препараттардың қоры екі жылға жетеді дейді.

Олардың айтуынша, тапшылыққа тұрғындардың өзі себепкер болып отыр. 

Александр Миронов, дәріханалар желісінің бас директоры:

- Тұрғындар аспириннің бір бумасының орнына онын сатып алады. Соның салдарынан мұндай дәрілерді дер кезінде әкеліп үлгірмей жатамыз. Кейбір препараттардың сөреден жоғалып кетуінің басты себебі осы.

Ресей нарығындағы дәрі-дәрмектің 70 проценті сырттан импортталады. Фармацевтикалық компаниялардың ешқайсысы препараттарды жеткізуден және өндірістен бас тартқан жоқ. Дегенмен, логистикалық тізбектердің бұзылғанын байқауға болады.  

Валентина Текучева, психолог, әлеуметтік қызметкер:

-Шетелден келіп, сауда жасаушылар бар, әрі қарай не болатыны белгісіз. Ресей бойынша түрлі емделушілермен сөйлесемін, олар көбіне тауар жеткізу бойынша қиындықтардың барын айтады. Ұмытшақтық белең алып барады.

Тұрғындар дәрі-дәрмекті ғана емес, азық-түлікті де молынан сатып алуға тырысып жатыр. Олар да қымбаттап барады. Мұның да себебі сол - импортқа тәуелділік. 

Дмитрий Матвеев, агроөнеркәсіптік компаниялар тобының президенті:

-Бізде ірімшік не сүт өндірісі үшін қажетті жабдықтар пайда болған жоқ. Бұрын оларды Батыс елдерінен қалай сатып алып жүрсек, қазір де солай істейміз. Соның салдарынан үлкен проблемаға тап болдық. Біз Батыс елдерінің тасымалдаушыларына тәуелдіміз. Шетелдік машиналарға не тұқымға деген тәуелділік 70 проценттен асады. Керек десеңіз, ұйытқының өзін солардан сатып аламыз. 

Өндірушілердің айтуынша, тасымалдаушы компаниялар бағаны көтерген. Бұл азық-түліктің өзіндік құнының қымбаттауына әкеп соқты. Бұдан басқа да проблемалар жеткілікті. Мәселен, көптеген кәсіпорын жабдықты шетелден сатып алады. Алайда санкциялар кесірінен оларды жөндеу мүмкін болмай тұр. Осыған байланысты билік импортты алмастыру бойынша басым бағыттарды анықтады. Сондай-ақ санкциялар салдарынан азық-түлік тапшылығының туындау қаупі жоқ екенін айтады. Бұл ретте достас елдерден жеткізілетін тауар тізімін арттыру жоспарланып отыр.    

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров