Украина қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік беріле ме?

«Файнэншіл таймс» басылымының делегация мүшелеріне сілтеме жасай отырып Ресей осыған дейін Украинаға қойып келген денацификация туралы талабын алып тастайтынын және Киевтің Еуроодаққа қосылуына келісуге дайын екенін жазды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кремль «Украина бейтарап ұстанымда болуы тиіс» деген. «Файнэншіл таймстың» дерегінше, Киев ел қауіпсіздігіне халықаралық кепілдік берілсе, НАТО-ға мүшеліктен бас тартуы мүмкін екені айтылады. Интерфакс та өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, Ыстамбұлда Украинаның бейтараптығы талқыланып жатқанын хабарлады. Ал Украинаның шығысындағы аймақтар мен Қырым тағдырына қатысты мәселе әлі ашық күйінде қалып отыр.

Айта кетейін, тараптар бұған дейін қанша рет кездессе де еш нәтиже шықпады. Ресей мен Украина делегациялары Беларусь аумағында үш мәрте кездескен. Кейін диалог бейнебайланыс арқылы  жалғасты. Мәскеу Киевтен Қырымды Ресей аумағы деп танып, өзін-өзі жариялаған Луганск пен Донецк Халық Республикаларының тәуелсіздігін мойындауды талап етті. Ал Украина өз аумағынан Ресей әскерін шығарып, ел қауіпсіздігіне кепілдік берілуін негізге алып келді.