Ресей салған қырғын геноцид деп мойындалуы тиіс – Зеленский

Украина президенті Киев маңындағы әскери қақтығыс салдарынан қираған және тұрғындары қырылған Буча қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Владимир Зеленский бұдан кейін Кремльмен келіссөз жүргізу қиын болатынын ескертті. Сондай-ақ ол Ресей әскері салған қырғынды әлем геноцид деп мойындауға тиіс деді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Бір ғана Бучаның өзінде 300-ден астам адам азапталып, өлтірілгені белгілі болып отыр. Бірақ қаланың бүкіл аумағы әлі толық тексеріліп, біткен жоқ. Сондықтан құрбандар қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Әзірге бұл бір ғана қаладағы жағдай. Ресей әскері басып алған тағы бірнеше ірі елді мекен бар. Жергілікті тұрғындар басқыншылар 80 жыл бұрын фашистер жасамаған азаптауға куә болғанын айтады.

В.Небензя: Ресей БҰҰ-ға бұлтартпас дәлел ұсынады

Кремль Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне Бучадағы бейбіт тұрғындарды Ресей қарулы күштері өлтірмегені туралы бұлтартпас дәлел ұсынады. Бұл туралы Ресейдің халықаралық қауымдастықтағы елшісі Василий Небензя мәлімдеді.

Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі:

- Бізде бұлтартпас дәлелдер бар. Оларды Қауіпсіздік кеңесіне жақын арада ұсынамыз. Осылайша Киев пен Батыс елдерінің жалған сөздерін әшкерелейміз. Бұл соғыс. Соғыста бәрі болады. Соғыста бейбіт тұрғындардың да қырылатынын жоққа шығаруға болмайды. Бұл өмірдің ащы шындығы. Бірақ Бучадағы көріністердің қолдан жасалғанына еш күмән жоқ.

Ақ үй: Ресейді БҰҰ адам құқықтары кеңесінен шығару керек

Ресейді Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесінен шығару керек. АҚШ президенті Джо Байден осындай ұсыныс жасады. Оның бұл бастамасын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки жеткізді. Аталған мәселе осы аптада дауысқа салынбақ.

Джен Псаки, Ақ үйдің баспасөз хатшысы:

- Президент Джо Байден Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүше болғанын күлкілі жайт деп қабылдайды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы біздің елшіміз енді Ресейді аталған кеңес құрамынан шығару ісімен айналысады.