Көп елдің адамгершілігін босқын ретінде өзім де сезіндім – Журналист

Хабар 24

Шет елге ауған украиналық босқындардың саны 4 млн 200 мың адамға жетті. Оның 2,5 миллионы бала, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еуропаның барлық елі украиналықтарға көмегін барынша беріп жатыр. Ал Нидерланд королі Виллем-Александр украиналық босқындарды өзінің XV ғасырдағы көне ғимаратында қабылдайтынын мәлім етті.

Аида Қыдырбай, тілші:

Дәл қазір мен Апелдорн қаласында тұрмын. Бұл жерде XV ғасырға жататын көне ғимарат орналасқан. Нидерланды королі сәуірдің ортасынан бастап украиналық босқындарды осы тарихи ғимаратта қабылдайтынын мәлім етті. Бұл туралы жарлық мына жерде анық жазылған. Оқуға болады.

Нидерланд корольдігі 50 мың украиналық босқынды қабылдай алатын биік мінберден мәлім еткен еді. Бүгінгі күнге дейін 17 мың украиналық осы елде ресми тіркеліп үлгерді. Билікпен бірге «Қызыл крест» халықаралық ұйымы босқындарды Амстердам және Роттердам қаласында қабылдап жатыр. Роттердам қаласы әлемді тіпті таңқалдырды. 10 палубалы круиздік кемеге 100-ге жуық украиналық босқын орналастырылды. Vollandam компаниясының 237 метрлік сұлу кемесі әлі де 1500 украиналықты қабылдауға қауқарлы екенін мәлімдеді.

Аида Қыдырбай, тілші:

– Еуропаның туризм индустриясы да украиналық босқындарды қабылдауда сырт айналған жоқ. Мысалы, Роттердамдағы алып лайнер қаражаттан қағылса да, өз кемесін уақытша украиналық босқындарға бермек. Корабль капитаны Райан Уитакер CNN арнасына берген сұхбатында «соғыстан азап тартқан адамдарға осылайша қамқорлық көрсеткіміз келді» – дегенді айтады. Лайнерде барлық жағдай жасалған, босқындар үш уақыт тамақтанады.

Харьков қаласынан Львов, Польша, Германия енді міне Амстердам қаласына азып-тозып жеткен Вита әрі қарай Лондонға бағыт алмақ. Британиядағы алыс туысына барып, паналай тұрмақшы. Дей тұрғанмен отанға жететін орын жоқ,– деп жылайды ол.

Вита, украиналық босқын:

Барлық жер сондай мейірім танытып қабылдап жатыр. Тамақ, жылы киім, дәрі-дәрмек. Бірақ өз үйімді қатты сағындым. Сандалып жүргеннен шаршадым

Аида Қыдырбай, тілші:

– XV ғасырдағы көне сарай, 237 метрлік сұлу кеме. Еуропа, оның ішінде Нидерланд корольдігі босқындарды қабылдауда адамгершілік танытып жатыр. Оны босқын ретінде өзім де анық сезіндім. Алайда алтын қасықпен ас ішсе де украиналық босқындардың көзінде қайғы-мұң бар. Барлығы соғыстың тоқтауын күтеді. Босқындардың жартысынан астамы ел аспаны қауіптен азат болса, бірден елге қайтамыз деп ниет танытқан.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач