Ұлыбританияда індет қайта өршіді. Локдаун жариялануы мүмкін

Ұлыбританияда індет қайта өршіді. Локдаун жариялануы мүмкін

Англияда ковидке шалдығып, ауруханаға түскендердің саны күн санап артып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе ересектер арасында науқастанғандар көп. Ұлттық статистика басқармасының мәліметтерінше, миллиондаған адам вирус жұқтырған. Олардың түгелдей дерлігінен тез тарайтын омикрон штамының белгілері анықталған. Ұлыбритания үкімет басшысы егер жағдай күрделенсе, жаңа локдаун жариялануы мүмкін екендігін айтады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Омикронның BA.1 және BA.2 түрлерінің кең тарауы ғалымдардың алаңдаушылығын туғызуда. Науқастардың 90 проценті осы штамдарды жұқтырғаны белгілі болып отыр. Зерттеулерге сәйкес, жастар мен балалар арасында ковидке шалдыққандардың саны азайғанымен, індеттің ілмегіне көбіне созылмалы аурулары бар 55-тен асқан адамдар ілініп жатыр. Ұлттық статистика басқармасы жүргізген сауалнамаға сәйкес наурыз айының соңында 5 миллионға жуық британиялықтың коронавирусты жұқтырғаны белгілі болды. Бұл оның алдындағы аптамен салыстырғанда жарты миллионнан астам адамға көп. Ал өткен жылдағы рекордтық көрсеткішпен салыстырғанда 25 мың адамға ғана аз. Қазір Англия ауруханаларында 20 мыңға жуық науқас жатыр. Ұлттық денсаулық сақтау қызметіне айтарлықтай салмақ түсіп,  медицина мамандарының күші сарқылуға жақын.

Саффрон Кордери, Ұлыбритания ұлттық денсаулық сақтау қызметінің өкілі:

– Денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемеге тап болуы бізді қатты алаңдатады. Ауруханаларда науқастарға арналған төсек-орындардың көпшілігі бос емес. Одан бөлек медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалады. Жедел жәрдем қызметі төтенше жағдайға қарамастан қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Бірақ науқастар нөпіріне төтеп беру оңай болмай тұр.

Індеттің таралуы тежелмесе де үкімет коронавирустық шектеулерді алып тастау бойынша жоспарларын жалғастыруда. Қазір қоғамдық орындарда маска тағу, көпшілік шаралар кезінде ковид-паспорт көрсету және үйден жұмыс істеу міндетті емес. Оған қоса Ұлыбританияға сапарлатып келген жолаушылар ковид-тесттің теріс нәтижесін көрсетпейді. Бұдан бөлек ковидті анықтайтын жедел тесттер халық арасында бұрынғыдай тегін таратылмайтын болды. 

Джон Кэмпбелл, ғалым:

– Қазір Біріккен Корольдікте індетті жұқтыру жағдайлары көбейіп жатыр. Австралияда да осыған ұқсас эпидахуал қалыптасты. Ал АҚШ-та жағдай жақын күндері күрделенуі мүмкін. Бұған омикронның екі жаңа нұсқасы себеп. Ұлттық денсаулық сақтау қызметі коронавируспен ауыратындарға арналған палаталарды қайта көбейтіп жатыр. Үкіметтегілер осыны ескере отырып, тиісті шара қабылдаулары керек деп ойлаймын.

Ұлыбритания премьер-министрі егер жағдай ушықса, тағы да локдаун енгізілуі мүмкін екендігін айтты. Үкімет халық денсаулығын басты басымдықтар қатарына қояды, деді ол. Бірақ бұған дейін Борис Джонсон шектеулер енді жарияланбайды деп мәлімдеген болатын.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Бұрынғыдан да қауіптірек, балалардың өмірін жалмайтын, тежеуді талап ететін жаңа штамдар пайда болуы мүмкін. Мен ештеңені де жоққа шығарғым келмейді. Бірақ қазір халықтың басым көпшілігі екпе салдырды. Сондықтан ондай жағдай болмайды деп үміттенемін.

Қуанышқа орай, пандемияның алдыңғы толқындарымен салыстырғанда ковидтен қайтыс болғандар көрсеткіші төменірек және вакцина салдырғандар үшін омикрон штамы жеңілірек өтіп жатыр. Елде әлсіз топтарға екпенің төртінші компонентін егу науқаны басталғандықтан кісі өлімі аз болады деген үміт бар.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы