Ресейден 133 мың еңбек мигранты оралды – Өзбекстан

Ult.kz

Ресей асып, нәпақа тауып жүрген өзбекстандық мигранттар еліне қайтуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен айда 50 мыңы оралған. Ал жыл басынан бері 133 мыңға тарта азамат өз шаңырағында отыруды жөн санаған. Жағдай бұлай жалғаса берсе, Өзбекстан экономикасына түсетін кірістер азаяды. Жұмыссыздар саны да өседі. Ел үкіметі мәселені қалай шешпек? Екі қолға бір күрек іздегендерді еңбекпен қамти ала ма?

Рауан Мыңбаев, тілші:

Қазақстан секілді іргедегі өзағам да жаңа Өзбекстан құруды бастады. Мақсат азаматтардың сана-сезімін идеологиялық тұрғыдан жаңғыртумен ғана шектелмейді. Әрбір қалада халыққа арналған жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтереді. Мына біз тұрған жер Жаңа Өзбекстан деп аталады. Ташкент іргесінде салынатын жаңа ауданға берілген аумақ. Қазірдің өзінде мұнда университет, саябақ, жолдар мен көпірлер салынды. Алдағы уақытта тағы 4 мың жұмыс орны пайда болатын құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Сөйтіп шетелден қайтып келгендер осындай құрылыс алаңдарынан екі қолға бір күрек табады.

Еңбек мигранттарының оралуына орай Өзбекстан үкіметі әр аймақта жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады. Ташкент іргесі мен Самарқанда жаңа шағын аудандардың іргесі қаланып жатыр. Бірақ бәрібір жұмыс орындары жеткіліксіз болуы мүмкін. Өзбекстанда жыл сайын орташа есеппен 700 мың жас еңбекке араласады. Мемлекет оларға да жаңа жұмыс орындарын ашуға міндетті. Сондықтан қоңсылас ел Ресейдегі жағдайдың тез тұрақталғанын қалайды. Онсыз 2 миллионнан астам азамат табыссыз, мемлекет миллиардтаған доллар кіріссіз қалады.

Әзизбек Юнусов, сыртқы еңбек миграциясы агенттігі басшысының орынбасары:

– Жағдайдың неліктен бұлай болып өрбіп жатқанын білу үшін әлеуметтік сауалнама жүргіздік. Оған 15 мың адам қатысты. 15 проценті жұмыссыз қалғаны, ал 25 проценті ақша айырбас бағамының тұрақсыздығы салдарынан еліне қайтуға мәжбүр болғанын жеткізді.

Жалпы Өзбекстанда экономикалық белсенді, яки еңбекке қабілетті азаматтардың 20 проценті шетелде жүр. Қазақстан, Оңтүстік Корея және Түркия асқандары да кездеседі. Бұл мақсатқа үкімет арнайы қолдау көрсетіп, мигранттардың кей шығындарын өтеп береді. Мәселен, Ресейге баратындарға ұшақ билетін сатып алып, алғашқы 1 апта ішінде жұмсайтын қаржысын қолға ұстатады.

Валерий Бирюков, сарапшы:

Өзбекстан сыртқа еңбек мигранттарын жөнелтуін жалғастырады. Елде демографиялық ахуал тұрақты. Үлкен өмірге қадам басып жатқан жастар көп. Барлығына мемлекет жұмыс тауып бере алмауы мүмкін. Ал екі қолға бір күрек таба алмағандар не істейді? Мұның ақыры елдегі әлеуметтік жағдайға, тіпті криминогендік ахуалға кері әсерін тигізетіні белгілі.

Мамандардың айтуынша, Ресейде табыс тауып жүрген мигранттардың айлық-жалақысы да кешіктіріліп жатыр. Бұған дейін мұндай мәселе болмаған. Ақпан-наурыз айында жағдай өзгерді. Құқықтық көмек сұрап хабарлассқандар тек Өзбекстан ғана емес, Тәжікстан және Қырғызстан тарапынан да көбейіп жатыр.

Бақтиёр Эргашев, саясаттанушы:

Бұл азаматтар жағдайдың тұрақталғанын күтеді. Қайта Ресейге бару-бармауы белгісіз. Елге санкциялар тағы салынып жатыр. Мұның барлығы экономикалық қиындықтар туғызады. Елге оралатын  өзбекстандықтар әлі де көбеюі мүмкін. Соған байланысты Өзбекстанда жаңа жұмыс орындарын тезірек құру қажет.

Енді өзбек үкіметі алғаш 3 айда шетелден оралған 200 мыңға тарта азаматты еңбекпен қамту мәселесімен бас қатырады. Әйтпесе, жұмыссыздар саны өсуі мүмкін. Бұл бағытта Президент нақты тапсырма берді. Аймақ жетекшілеріне шамамен 100 мың мигрантты жұмысқа орналастыруды міндеттеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов