Макрон және Ле Пен президенттік сайлаудың екінші кезеңіне өтті

Францияда президент сайлауының екінші кезеңіне қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон мен оның басты қарсыласы, "Ұлттық бірлестік" көшбасшысы Марин Ле Пен жолдама алды.

Ал Мексикада референдум арқылы президенттің 2024 жылға дейінгі тағдыры шешілді. Австралия да жаңа саяси науқанға аяқ басты. Ең қызу саяси күрес Шри-Ланкада жүріп жатыр. Бұл елде халық пен оппозиция қазіргі президенттің биліктен кетуін талап етуде. 

Францияда Макрон мен Ле Пеннің арасында нағыз саяси майдан басталды. Сайлаудың бірінші кезеңінде Бесінші республиканың қазіргі президенті 27 процент дауыс жинады. Ал Ле Пен бәсекелестен 2,5 процентке артта қалды. Ол энергия ресурстарының қымбаттауы мен инфляция өсімін сынау арқылы ұпай жинап отыр дейді сарапшылар. Эммануэль Макрон Украинадағы жағдай мен Еуроодақтың әскери қақтығысқа байланысты ұстанымын басымдық етіп алған. Брюссель де жіті қадағалап отыр. Өйткені Еуроодақтың болашағы да негізінен осы сайлау нәтижесіне байланысты болмақ. Марин Ле Пен "кәрі құрлық" бірлестігін аямай сынап жатыр. Екінші кезең 24 сәуірде өтуі тиіс.

Эрик Морис, тарихшы:

- Еуроодақ үшін 24 сәуірде Макронның жеңіске жеткені керек. Сонда ғана еуропалық интеграция жалғасын табады. Ле Пен болса, қосылған құн салығын Еуроодақ келісімінсіз азайтуға уәде беріп жатыр. Ал оның Еуроодақ қаржыландыратын Қалпына келтіру бағдарламасына қатысты ойы қандай? Мемлекеттік қарыз бен бюджет тапшылығын қысқарту жайы қалай болмақ? Мүлде түсініксіз. Сондай-ақ Ле Пен шекарада тауарларға бақылау енгізбек. Бұл Франция мен оның серіктестеріне экономикалық соққы береді.

Мексикада президентке сенім білдіру бойынша референдум өтті

Мексиканың Ұлттық сайлау институты қазіргі президентке сенім білдіру бойынша өткен референдумның нәтижесін жариялады. Саяси іс-шараға қатысқандардың 90 проценттен астамы қазіргі президент Андрес Мануэль Лопес Обрадордың мандатын мерзімінен бұрын тоқтатпай, оның 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін билікте қалуын қолдаған.

Андрес Мануэль Лопес Обрадор, Мексика президенті:

- 15 миллионнан астам мексикалық менің кесімді мерзімге дейін қалғанымды қалайды екен. Мен не айта аламын? Махаббатқа махаббатпен жауап беру керек. Мен Мексика халқына ешқашан опасыздық жасамаймын. Өтірік пен ұрлыққа жаным қас. Елімізді өркендетуге барымды саламын.