Нью-Йорктағы метрода болған атыстан зардап шеккен адам саны артты

Нью-Йорктағы метрода болған атыстан зардап шеккен адам саны артты

Нью-Йорктегі метро станциясында болған атыстан жапа шеккен адамдардың саны 29-ға жетті.

Олардың оннан астамына оқ тиген. Қалған жолаушылар  қылмыскер шашқан құтыдағы газдан жапа шеккен. Дәрігерлер оқ тиген 5 адамның халі мүшкіл дейді. Ал полиция оқиғаға қатысты 62 жастағы ер адамды іздестіріп жатыр. Оқиға кеше Нью-Йорк қаласының Бруклин ауданындағы метро станциясында болды.

Куәгерлердің айтуынша, күдікті поезд станцияға жақындай бергенде вагон ішіне түтіндегіш құтыны лақтырып, жолаушыларға оқ жаудырған. Артынан ізін суытқан. Полиция оқиға лаңкестікпен байланысты емес және күдікті жалғыз әрекет етті деп отыр.

Кичант Сьюэлл, Нью-Йорк полициясының комиссары:

- Күдікті қара нәсілді ер адам. Қазір оны іздестіріп жатырмыз. Халықтан осы оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат болса бөлісуді сұраймыз. Бір сағат бұрын күдіктінің көлігін таптық. Бірақ оның мұндай әрекетке не үшін барғаны әлі беймәлім.