Әлемде инфляция рекордты деңгейге жетті

Әлемде инфляция рекордты деңгейге жетті

АҚШ-тағы жылдық инфляция соңғы 40 жылда алғаш рет 8 проценттен асты. Экономистер бұған мұнай шикізаты мен басқа тауарлардың қымбаттауы себеп дейді. Сондай-ақ Financial Times хабарлауынша, инфляцияға Украинадағы соғыс та кері әсер етті. Негізі кері кету үрдісі пандемия кезінде басталған. Коронавирустың кесірінен фабрикалар жабылып, тауар жеткізу ісі бұзылды.

Грег Макбрайд, қаржы аналитигі:

- Дәл қазір бізде азық-түлік және жанармай дағдарысы қатты ушығып тұр. Тауар жеткізу ісінде пайда болған кедергілерді реттеуге әлі біраз уақыт керек болады. АҚШ-тың Федералды қор жүйесіне жыл бойы пайыздық мөлшерлемені көтеру керек. Тек сонда ғана бейтарап деңгейге жетуге болады деп сенемін.

Франция

Американдықтар қымбатшылық сезіліп жатқанын айтады. Осыған байланысты президент Джо Байденді қолдау рейтингісі төмендеп барады. Оның Франциядағы әріптесінің де бәсі төмендей бастады. Президент сайлауының екінші кезеңіне жолдама алған Эммануэль Макрон үшін осы инфляция нағыз сынақ болғалы тұр. Бұған дейін Париж газ және энергетика саласына көмекқаржы бөлу арқылы бағаларды ұстап тұрған еді. Десе де, соңғы 12 айда инфляция деңгейі 5,1 процентті құрады. Мұндай көрсеткішті экономистердің өзі күткен жоқ. 

Ұлыбритания 

Ұлыбританиядағы тұтыну бағаларының индексі соңғы 30 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Премьер-министр Борис Джонсон мен Қаржы министрі Риши Сунакқа қоғам тарапынан қысым күшейді. Жылдық инфляция 7 процентті құрады. Бұған жанармай, азық-түлік және жиһаз бағасының қымбаттауы себеп. Сондай-ақ 1 сәуірден бастап газ бен электр энергиясының тарифі 54 процентке бір-ақ көтерілді. 

Аргентина 

Аргентинада халық бас көтерді. Бұл елде наурыздағы инфляция деңгейі 6 жарым проценттен асты. Қымбатшылыққа наразы мыңдаған адам Буэнос-Айрестің басты көшесіне шеруге шықты. Олар жәрдемақыны өсіруді және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етті. Әйтпесе елде жұмыссыздар саны рекордты көлемде көбейіп барады.

БЛИЦ:

- Билік пандемия кезінде 3 жарым миллионнан астам тұрғын жұмыссыз қалғанын мәлімдеді. Қазір инфляция деңгейі 6 проценттен асты. Азық-түлік бағасы удай, бірақ жалақының өсетін түрі жоқ. Қалай күн көреміз?

- Ақша су сияқты болып қалды, түк құны жоқ. Отбасымды қалай асырарымды білмеймін. Жұмыс мүлде жоқ.

Ресей

Ресейдегі жылдық инфляция 17 жарым проценттен асып түсті. Бұл осы елдің Экономикалық даму министрлігінің мәліметі. Сондай-ақ "Рейтер" агенттігі бұл 2002 жылдың ақпанынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш екенін хабарлады. Көкөніс, қант, киім-кешек, смартфон - бәрі қымбаттап жатыр. Сәуірдің 2-сі мен 8-і аралығында маргарин, шай, шоколад кәмпиттері, печенье, макарон, еттің бағасы тағы көтерілді. Ресей банкі ақпанның аяғында мөлшерлемені 2 есе - 20 процентке дейін арттырып, 8 сәуірде ғана 17 процентке төмендетті.

Ернат Қашқынов