Польшада босқындарға баспана жоқ

Польшада босқындарға баспана жоқ

Польшаға ағылған украиналық босқындардың жағдайы қиындап барады. Еріктілердің айтуынша, Гданьск қаласында кірмелерге баспана, жұмыс пен азық-түлік табу қиын. Бастапқыда босқындарды орналастыру, балаларын мектепте беру және уақытша жұмыспен қамту сияқты мәселелер жеңіл шешілетін. Қазір жаңа келгендерге Швецияға өту үшін паромға тегін билет пен психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Десе де баспана мәселесі шешілмей тұр. Қарулы қақтығыс басталғалы Польшаға 2 млн 700 мың украиналық келген екен.

Агнешка Карват, Кедзерская босқындарды қабылдау орталығының үйлестірушісі:

– Босқындарға баспанасын ұсынғандар қатары азайды. Бұл жағдайды қиындатып отыр. Украиналықтарды орналастыратын жер таппай жатырмыз. Мәселен ұзақ уақытқа тұрақтай алатын орын тапшы.

ПОЛЬШАҒА 150 ӘСКЕР ЖӨНЕЛТІЛЕДІ

Жуырда Канада билігі Польшадағы украиналықтарға көмек көрсету үшін 150 әскерін жөнелтетінін хабарлады. Елдің қорғаныс министрлігінің айтуынша әскерилер қабылдау орталықтарында гуманитарлық және алғашқы көмек көрсету ісіне тартылады. Сонымен қатар, Канадаға қоныс аударатындарға жәрдемдеседі. Ресми статистика бойынша Канада 30 мыңнан астам украиналыққа уақытша виза ұсынып отыр.

Анита Ананд, Канада Қорғаныс министрі:

– Украина мен Польша шекарасындағы жағдайды жеңілдету үшін аймаққа 150 әскер жібереміз деп шешім қабылдадық. Оның жүзге жуығы босқындарға көмек көрсетіп, түрлі қылмыстың алдын алу үшін жұмылдырылады. Сонымен қатар, Канадаға қоныс аудару үшін мыңдаған украиналық азаматқа тиісті көмек көрсетіледі. 

ҰЛЫБРИТАНИЯ ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАРДЫ РУАНДАҒА ЖІБЕРМЕК

Ал, Ұлыбритания билігі  мигранциялық саясатқа өзгеріс енгізді. Бұдан былай  Ла-Манш арқылы ағылған  заңсыз мигранттар уақытша Руандаға жіберіледі. Олардың босқын мәртебесі анықталғанша осы елде болады. Британдық ішкі істер министрлігі Африка мемлекетінің билігімен тиісті келісім жасасты. Жоспарды жүзеге асыру үшін Ұлыбритания билігі қазынадан 120 млн фунт стерлинг бөлген. Қоныс аударған босқындарға 5 жыл бойы қажетті көмек көрсетіледі

Прити Пател, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:

– Халықаралық келісім Ұлыбританиядағы заңсыз миграциялық дағдарыстың алдын алады. Шағын кеме арқылы сапарға шыққандар Руандаға жөнелтіледі. Онда кірмелерге медициналық көмек пен баспана беріледі. Келісім барлық халықаралық заңнамаға сәйкес. Бұл жоба Руанда экономикасына да оң ықпалын тигізеді.

АҚШ ПЕН МЕКСИКА МИГРАЦИЯЛЫҚ ДАҒДАРЫСТЫҢ АЛДЫН АЛМАҚ

АҚШ пен Мексика заңсыз мигранттардың нөпірін тоқтату үшін ортақ мәмілеге келді. Тиісті құжатқа Техас пен Нуэво-Леон штаттарының басшылары қол қойған. Оған сәйкес, АҚШ шекарадағы жүк көліктерінің тексерісін жеңілдетсе, Мексика өз тарапынан заңсыз мигранттардың шекарадан кедергісіз өтуіне тосқауыл қоятын болады.