Киев төңірегі зымыранмен атқыланды

Киев төңірегі зымырамен соққыланды. Бұл ақпаратты Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері растап отыр. Айтуларынша, кейінгі тәулікте Украинаның 13 нысанының көзі жойылды. Тағы 220-сына нұқсан келтірілген. Ресей әскерилері сондай-ақ Харьков облысына жасалған соққы барысында жалданбалы 30 поляк сарбазының көзі жойылғаны туралы да мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Игорь Конашенков, Рф Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Бүгін түнде «Калибр» дәлдігі жоғары зымырандармен Киев қапталындағы әскери нысанға соққы жасалды. «Визар» машина жасау зауытына ұйымдастырылған шабуыл нәтижесінде зениттік зымыран кешендері мен кемеге қарсы зымырандарды өндіру және жөндеу цехтары тас-талқан етілді. Біз Киевтің лаңкестік сипаттағы кез келген әрекетіне жауап ретінде соққыларды тек үдете түсеміз.  

МАРИУПОЛЬДЕГІ НЫСАНДАРДЫҢ 95% ТАС-ТАЛҚАН БОЛДЫ

Ал Украина президенті Би-Би-Си телеарнасына берген сұхбатында Мариупольдің 95 %-і тас-талқан болғанын хабарлады. Қалада мыңдаған адам көз жұмған болуы мүмкін. Алайда Ресей жағы қылмысты жасыру үшін олардың денесін мобильді крематорийлерде өртейді, - деді Владимир Зеленский. Президенттің айтуынша, ресейліктер Донбассты басып алу үшін күш салып жатыр. Президент шайқас ауыр болатынын және Украина кері қайтпайтынын мәлімдеді.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Мариупольдегі ғимараттардың 95 проценті күл-талқан етілді. Бұл тек Украинада ғана емес, бүкіл Еуропа бойынша ең ірі қалалардың бірі. Мұнда 500 мың адам тұратын. Нақты қанша адам көз жұмғанын ешкім де дөп басып айта алмайды. Шаһарға тілшілер келіп қайтты. Мариупольге Ассошиэйтед Пресс агенттігінен барып қайтқан екі жігітпен сөйлестім. Олар бұрын мұндай сұмдықты көрмегендерін айтты.

БУЧАДА 403 АДАМНЫҢ ДЕНЕСІ ТАБЫЛДЫ 

Ал Буча мэрі қалада табылған мәйіттердің 85%-нің денесінде оқ іздері барын айтады. Соңғы мәлімет бойынша, Ресей әскерінен азат етілгеннен кейін мұнда 403 адамның жансыз денесі табылды. Билік қала қауіпсіз екенін айтады. Алайда шаһар төңірегіне миналар қойылған екен. Сондықтан тұрғындарға орманға немесе қала сыртына шықпауға кеңес берілді. Қазір Бучада су беру жүйесі жартылай қалпына келтірілген. Ал 17 сәуірде электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.