Киев облысында 900-ден астам адамның мүрдесі табылды

Украинаның Ресей әскері тастап шыққан Киев облысынан 900-ден аса бейбіт тұрғынның мүрдесі табылды.

Олардың көбі көшеде атылған. Әр жерге көме салғандары да бар.

Бұл туралы облыс полициясының басшысы мәлімдеді. Марқұмдардың жартысы Буча қаласының тұрғыны. Бұл шаһарда 400-ден аса мәйіт табылды. Жергілікті билік қала қазір қауіпсіз дейді. Бірақ шаһар төңірегінде миналар көп екенін ескертіп, тұрғындарға ұзап шықпауды ескертеді.

Андрей Небытов, Киев облысы полициясының басшысы:

- Бейбіт тұрғындардың көбісінің мүрдесі Буча қаласынан табылды. Бұл ондағы әскердің аса қатыгездікпен әрекет еткенін көрсетеді. Шаһарда өліктерді жаппай көмген екі жер анықталды. Оның бірінен 40, екінішісінен 57 адамның денесі шықты. Тексеріс марқұмдардың көбі снайпердің немесе өзге бір қарудың оғынан өлгенін көрсетті. Яғни жаулау кезінде адамдар көшеде жаппай атылған.