Түркия қымбатшылықпен қалай күресіп жатыр

Түркия қымбатшылықпен қалай күресіп жатыр

Түркия қымбатшылықпен күресу үшін қосалқы салықтарды төмендетті. Дегенмен жергілікті кәсіпкерлер өзгерісті дүкен сөрелеріне енгізуге асығар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты тиісті министрліктің өкілдері арнайы рейд жүргізіп, ереже бұзғандарға айыппұл салып жатыр. Түркияда наурыз айында тұтыну индексі 5,46%-ке өсіп, инфляцияның жылдық бағамы 61,14% көтерілді. Бұл елдің статистика институтының мәліметі. Биыл ең көп тасымал қызметі 99%-ке қымбаттаған. Азық-түлік пен сусындар 70,3%-ке, үй жиһаздары бағасы 69%-ке көтерілген. Ал қонақ үйлер мен ресторандардағы баға былтырғы жылмен салыстырғанда 60% өскен.

Эмине Йигит, Пахлава ресторанының иесі:

– Қант, ұн, май секілді бізге қажетті барлық өнімдердің бағасы өсті. Оған қосымша коммуналдық қызметтер тым артты. Бұл да өнімдерімізге әсер етпей қоймады. Казір бастысы табыс емес, шығынды жапсақ дейміз.

Президент Режеп Тайып Ердоғанның сөзінше, қымбатшылық – күллі әлемнің ортақ проблемасы. Дегенмен Түркия бұл мәселені қысқа уақытта шешеді.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

– Энергетикадан азық-түлікке, тау-кен өндірісінен технология өнімдеріне дейін көптеген салаларда бағаның шамадан тыс өсуі – бүкіл әлемнің ортақ мәселесі. Түркия – өндірістік қуаты мен логистикалық артықшылықтарымен қымбатшылықтан ең аз зардап шеккен елдің бірі.

Түркияда инфляциямен күрес қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, елдегі қосалқы салықты 18%-тен, өнімдердің тұрмысқа қажеттілігіне қарай 8%, бен 1%-ке дейін төмендетті. Қазір елде тиісті министрлік өкілдері бұл өзгерісті дүкен иелері қаншалықты ескергенін тексеріп жүр. Мемлекеттің жеңілдігін елемей, бағасын түсірмегендер ірі көлемде айыппұл төлейді.