Ұлыбритания Парламентінде Қазақстандағы саяси өзгерістер талқыға түсті

Ұлыбритания  Парламентінде Қазақстандағы саяси өзгерістер талқыға түсті

Парламенттегі басқосу Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл қарсаңында өтті. Елімізде болып жатқан демократизациялау үдерістері екіжақты байланысты жаңа сапалық деңгейге көтереді. Бұл тұрғыда парламентаралық ынтымақтастықтың маңызы зор. Өйткені мұндай әріптестік қос тарапты да дамуға жетелейді, - дейді жиналғандар. Депутаттар, сондай-ақ, Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс және Қазақстанның ұстанымы тақырыбын да сырт айналып өткен жоқ. Оған құрметпен қарайтынын және қолдайтынын жеткізді. Мемлекеттік – басқарудың  жаңа моделі, азаматтар құқықтарын қорғаудағы, заң үстемдігін қамтамасыз етудегі биліктің бастамаларына баға берд, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лорд Фрэнсис Мод, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:

Мен соңғы жеті жыл көлемінде Қазақстанға бірнеше рет барып, даму үдерістерінің куәсі болдым. Реформалар орнатуға ұмтылысын өз көзіммен көрдім. Ең басты мәселе ол – заң  үстемдігі. Қазақстан бұл тұрғыда әрекет етіп келеді, бірақ өз мақсатына толық жете қойған жоқ. Бірақ мен білетін бір де бір мемлекет оған жетпеді. Біз Қазақстанның табысты болғанын көргіміз келеді. 

Пікірталасқа қатысушылардың тағы бірі – Сэр Грэм Стюарт Брэди, Британ парламентінің өкілі, билік басындағы Консервативті партияның мүшесі. Ол сондай-ақ, «1922» деп аталатын комитетке төрағалық етеді. Комитет билік партиясының көшбасын таңдауда және оған сенімсіздік вотумын жариялауда өте маңызды рөл атқарады. Сэр Грэм Стюарт Брэдидің мемлекеттік қызметте де тәжірибесі бар. Ол Еуропа істері бойынша көлеңкелі министр қызметін атқарып, консерваторлардың 4 көшбасшысы уақытында жұмыс істеген.

Сэр Грэм Стюарт Брэди, Ұлыбритания Парламентінің мүшесі:

Мен Қазақстан достарының қатарына енді қосылып жатырмын. Бүгін елдеріңіз туралы жаңа ақпаратпен танысуға зор мүмкіндік алдым. Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуда өз үлесімді қосуға ниеттімін.

Басқосу барысында депутаттар ағылшын құқығы принциптері негізінде жұмыс істейтін, «Шағын Британия» аталып кеткен «Астана» Халықаралық қаржы орталығына ерекше тоқталды. Олар, сондай-ақ, Қазақстанға ресми сапармен барып, елдегі саяси және экономикалық реформалармен етене танысуға дайын екендіктерін жеткізді.

 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы