Ресей Польшаға газ жеткізуді тоқтатты

Ресей Польшаға газ жеткізуді тоқтатты

Ресей Еуроодақтың екі еліне табиғи газ жеткізуді тоқтатты. Өйткені олар төлемді рубльмен жасаудан бас тартқан. Осыдан кейін Кәрі құрлықта газ бағасы бірден 21%-ке өсіп кетті. Кейбіреулер бұл қадамды бопсалауға теңеп отыр Еурокомиссия өкілдері Ресей бұл шешімі арқылы өзінің сенімсіздігін көрсетті дейді. Тақырыпты Шартарап айдарында әріптесім Жұлдыз Атагельдиева тарқатсын, деп хабарлайды «Хабар 24».

 «Газпром» бүгіннен бастап «достас емес» екі елге газ жеткізуді тоқтатты. Бұл – Польша мен Болгария. Бұған дейін Ресей төлемдердің жаңа схемасы ұсынған. Газпромбанкте шот ашып, ресейлік газ үшін төлемді рубльмен жүргізу керек еді. Алайда тараптар оған келіспеді . Негізі «Газпромның» келісімшартына сәйкес, Польшаға жылына 10 миллиард текше метр көгілдір отын жеткізілетін. Бұл елдің ұлттық тұтыну мөлшерінің шамамен жартысы. Сарапшылар мемлекет қыста қиналуы мүмкін дейді. Жылу маусымы басталғанда шикізат тапшылығы туындап, оны өнеркәсіптік секторларда тұтыну шектелуі ықтимал деген болжам бар. Алайда Польша билігі тұрғындарды алаңдамауға шақырып отыр. Өйткені газ импорттаудың бірнеше баламасы барын айтады. Оның үстіне жергілікті қоймалар 76%-ке толып тұрса керек.

Матеуш Моравецкий, Польша премьер-министрі:

Польша бұған дейін газды жеткізу жолын әртараптандыру үшін тиісті әрекет етті. Мен бұл туралы Балтық газ құбыры қосылмай тұрып бірнеше рет айтқан едім. Біз өз экономикамыз бен тұтынушыларымызды қорғай аламыз.