Ресейдің кебін кимес үшін Қытай өз экономикасын сынақтан өткізуде

Қытай билігі Ресейге салынған санкцияларға байланысты өз экономикасын тексеруді қолға алды.

Бұл туралы "Зе Гардиан" газеті ((The Guardian)) жазды.

Басылымның хабарлауынша, ауқымды тестілеу ақпан айының соңында басталған. Осылайша Қытай тиісті шара арқылы өз экономикасының санкцияларға қарсы әлеуетін байқап көрмек. Стресс-тестілеуге банктерден бастап халықаралық саудамен байланысы бар барлық сала қамтылған. Сәуір айында Қытай Қаржы министрлігі жергілікті және халықаралық банк өкілдерімен кездесіп, санкция жағдайында Қытай активтері қалай қорғалады деген мәселені талқылады.

Сарапшылар "мәселе Бейжің аймақтық қақтығыс немесе өзге дағдарыс бола қалған жағдайда Батыс елдері Қытайға дәл осындай санкциялар сала ма деп алаңдап отыр", - дейді.

Айта кетейік, Вашингтон егер Бейжің Ресейге әскери немесе экономикалық қолдау көрсетсе, санкциялар қолданатынын ескерткен болатын.