Босқын украиналықтар Еуропаның жұмыс күшіне айналды ма?

Украинадағы соғыстан қашып, шетелге бас сауғалап кеткендер саны бес миллионнан асты. Бұл БҰҰ таратқан ресми мәлімет. Қазірдің өзінде Босқындар нөпірі Шығыс Еуропа елдерінің экономикасына кері әсерін тигізе бастаған. Десе де, пана іздеп келгендер Кәрі құрлықтың еңбек нарығына оң әсер етуі мүмкін деген де болжам бар. Бас сауғалап келгендер Еуропа елдерінде екі қолға бір күрек таба ала ма?

Айти саласының маманы Алена және жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар оның анасы Ирина Харьков қаласының тумалары. Испанияға екі ай бұрын еліндегі соғыстан бас сауғалап келген. Осы елде ресми тіркелгеннен кейін медициналық сақтандыру мен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін айди картасын рәсімдеді. Енді міне Барселонада өзі жұмысты оңай тапқанымен дәрігер анасы бос отыр. Бұл елде Украинаның дәрігерлік дипломын дәлелдеу үшін қайта сертификаттаудан өтуі керек, оның үстіне барлық мекемеде испан тілін білу қатаң міндеттеледі. 

Алена, украиналық босқын, IT саласының маманы:

- Испанияда испан тілінсіз жұмыс істеу қиын. Тіпті өз саласының мықты маманы болып, ағылшын тілін біліп тұрса да жұмыс таба алмайды.

Алпысты алқымдаған Галина мен Татьяна да егде жасында елінен кетіп, Испанияны жағалап, тірлік етуге мәжбүр.

Галина, украиналық босқын, зейнеткер:

- Одессадан келдік, Украинадағы зейнетақымыздың күйі белгісіз, сондықтан оны осы жақтан әзірлеуге мүмкіндік қарастырып жүрміз.

Татьяна, украиналық босқын, зейнеткер:

- Өзім әншімін, сондықтан қарап отыра бермей, қонақүйлерде ән айтып, ерікті боп қызмет атқарамын. Түскен аз қаражатты еліме жіберетін боламын.

Тағы бір украиндық босқынның бірі Анна. Жолдасы соғыстың алдыңғы шебінде жүр, ал өзі ауру баласын арқалап, халықаралық Қызыл крест ұйымы мен Испания билігінен уақытша пана сұраған. Әзірге баласымен қонақүйде тегін тұрады, бірақ қара жұмысқа шықсам да ақша табу керек, дейді Анна.

Анна, украиналық босқын:

- Польшадан тегін ұшақпен Испанияға жеттік. Балам дімкес. Қалаға орналасып алғаннан кейін, жұмысқа шығу жағын қарастыратын боламын.

Жүргізуші, тігінші, аспаз, бала күтуші, даяшы, косметолог пен массжист. Енді ғана босқын ретінде ресми тіркеліп, жұмысқа кірісе бастаған украиналықтардың дені әзірге қара жұмыста. Айти, халықаралық байланыстағы ірі компанияларда ағылшын мен испан тілінде сөйлейтіндер жүр. Украиналық босқындар легі Еуропа экономикасына кері әсерін тигізді. Десе де, дәл осы украиналықтар қашан да жұмыс күшіне мұқтаж Еуропаның еңбек нарығындағы сұранысын қанағаттандырмақ. Бұл туралы Халықаралық валюта қорының Еуропалық департаменті директоры Альфред Кеммер мәлімдеген. Бүгінде елін тастап, Испанияға жеткен украиндық босқындар саны отыз мыңға жуықтады. Бұл туралы Испанияның миграция министрлігі хабарлайды.

Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач “Әлем” бағдарламасы үшін Барселонадан