Украинадағы соғыс ұзаққа созылуы мүмкін

АҚШ-тың Ұлттық барлауы осылай деп болжап отыр. Оның басшысы Эврил Хейнстің айтуынша, Владимир Путин осыған дайындалып жатыр. Сондықтан Ресей күштері Донбаста жеңіске жетсе де, соғыс аяқталмауы мүмкін дейді. Ал Пентагон қазір Укрианада кімнің  жеңіп жатқаны белгісіз. Ахуал тығырыққа тірелген. Келесі айларда жағдай қазіргіден бетер шиеленісуі ықтимал деп отыр. Айта кетейік, Ресей әскері Киевтегі сәтсіздіктен кейін, Украинаның шығысын бақылауға алуға көшкен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Эврил Хейнс, АҚШ Ұлттық барлау директоры:

Алдағы 2 айдағы әскери қимылдар көп нәрсені шешуі мүмкін. Себебі Ресей күштері шабуылды үдетуі ықтимал. Бірақ олар Донбаста жеңіске жеткеннің өзінде бұл соғыс тоқтайды дегенге күмәніміз бар. Себебі Путин Донбастан тыс жерлерді де бақылауға алуды көздеп отыр.  

Президент Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше Украина күштері қарсы шабуылға көшіп, Харьков облысындағы аудандарды азат ете бастаған. Ресей күштерінің бірнеше аптаға созылған шабуылы еш нәтиже бермегенін айтты.

Владимир Зеленский, Украина Президенті: 

Харьковтан жақсы жаңалықтар келіп жатыр. Біздің қарулы күштер Харьков облысынан басқыншыларды біртіндеп ығыстырып жатыр. Мен адам айтқысыз ерлік көрсетіп, жауға қарсы тойтарыс беріп жатқан жауынгерлерімізге алғысымды білдіремін.

Дегенмен ақпарат құралдары Украина күштері Одесса аймағындағы Змеиный аралын қайтарып алуға тырысып көп шығынға ұшырағынын хабарлады. Арал үшін шайқаста 30-ға жуық жауынгерінен айырылған. Ресей Қорғаныс министрлігі де бұл ақпаратты растады. Олар өткен күні Украианның тағы ондаған әскери нысаны талқандалғанын мәлімдеді.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:

Киев режимі Змеиный аралын қайта қайтарып алуға бағытталған мәнсіз әрекеті барысында үш су-24 және бір су-27 жойғыш әскери ұшағынан айырылды.  Тағы 9 тікұшақ атып түсірілді. Оның үшеуінің бортында десант болды. Осымен қатар 3 катері жойылды.