Украинада зауытты қайта бомбалады

Мариуполь қаласындағы Азовсталь зауытында Украина жасақтары мен Ресей күштері арасындағы ұрыс жалғасып жатыр. Ресей әскері өткен сенбіде өндірістегі бейбіт тұрғындарды эвакуациялау аяқтала салысымен шабуылды қайта бастаған. Зауытты – әуеден  бомбалап жатыр. Мариуполь қаласының мэрі өндіріс орнында әлі де 100-ге жуық бейбіт тұрғын болуы мүмкін деп отыр. Оның анық-қанығына жету үшін шабуылды тоқтатуға шақырды. Еске сала кетейік, өткен аптада БҰҰ мен Қызыл крестің ұйымдастыруымен Азовстальдан 600-ден аса бейбіт тұрғын эвакуацияланған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Вадим Бойченко, Мариуполь қаласының мэрі:

Біз атысты тоқтату режимі сақталса ғана зауытта бейбіт тұрғындардың бар жоғын анықтай аламыз. Өндіріс орнында кескілескен шайқас өткен аптада адамдарды эвакуациялау аяқтала салысымен қайта басталды. Зауытты зеңбіректен және әуеден бомбалап жатыр. Әскери кемелер де атқылауда.

Ал зауытта бекінген Азов полкі кеше өндіріс ошағында жараланған сарбаздардың суреттерін жариялады. Онда жертөледе жаралы жауынгерлердің антисанитарлық жағдайда өмір сүріп жатқаны көрсетілген. Осыған байланысты полк командирлері БҰҰ мен Қызыл Крест ұйымынан оларды дереу қауіпсіз жерге көшіруге көмектесуді сұрап отыр. Мәліметке қарағанда зауытта 500-ден астам жаралы жауынгер бар.