Украинада үш мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты

«Украина НАТО-ның мүшесі болғанда соғыстың алдын алуға болар еді». Президент Владимир Зеленский Францияның саяси зерттеулер институтында онлайн сөйлеген сөзінде осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дәлел ретінде Путиннің «Украина НАТО-ға мүше болса оған қарсы әскери қимылдардың тәуекелі зор болар еді», – деп бірнеше мәрте айтқанын алға тартты. Енді соғыс Украина өз аумағын толық қайтарып алғанда ғана аяқталатынын жеткізді. Ал БҰҰ дерегіне қарағанда, Украинада соғыстан қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 3496-ға жеткен. Оның 236-сы бала. Тағы 3760 бейбіт адам жараланған.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

– Украина халқы үшін соғыс жерімізді азат еткенде ғана аяқталады. Бұл шындық. Мен мұны ашық айтамын. Бізге өзгелердің жері керек емес. Мемлекетімізді сақтап қалғымыз келеді.