Қазақстандық туристер Грузияға неге құмар?

Грузияда туристік маусым қызды. Бұл елге көп келетін туристер қатарында Қазақстандық азаматтар да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы төрт айда Грузияға 20 мыңнан астам қазақстандық барған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ке көп. Отандастарымызды демалыс пен ойын-сауықтан бөлек, тарихи экскурсиялар мен мұражайлар қызықтырады.

Давид Назаридзе, Кавказ қару музейінің директоры:

Қазақтар сауыт, жауынгерлік дулыға киіп, қылыш пен қанжар ұстап суретке түскенді ұнатады. Бірақ, суық қаруды бәрі бірдей қалай бермейді. Екі ел руханиятында ортақ дүниелер көп: мысалы, бесік. Ортақ сөздер де көп. Сонымен қатар бізде қыпшақтар тұрады. Олар одақтас болғанын жадымызда сақтауымыз керек.

Грузияда қазір ковид шектеулері алынған. Тек қоғамдық көлік мен медициналық мекемелерде маска режимі сақталады. Сондықтан туристердің демалуына кедергі жоқ.

Эмиле Сераева, саяхатшы:

Грузия өзінің әсемдігімен, қарапайымдылығымен және салт-дәстүріміз бен тіліміздің ұқсастығымен тартады. Мұнда барлығы қолжетімді және түсінікті.

Әсем Кусесова, саяхатшы:

Тарихы, табиғаты әсем. Біз бұрын Батумиде болдық. Маған бәрі өте ұнады.

Қазақстандықтардың арасында Грузия бағыты өте танымал. Тіпті, жолаушылар ағыны көп болғандықтан жазда Қазақстаннан Грузияға тұрақты рейс саны аптасына 20-дан 31-ге артады.

Анар Шалғымбаева, саяхатшы:

Мұнда тұрғындар мейірімді, тағамдары дәмді, ауа-райы жақсы. Мен осында келіп демалуға кеңес беремін. Шетелге шыққанда өзіммен бірге еліміздің логотипі бар зат аламын. Міне, Қазақстанның логотипі, елтаңбасы бейнеленген жейде бар.

Грузия үкіметі саяхатшыларды көбірек тартуға мүдделі. Елдің туризм әкімшілігі Грузия туралы ақпарат қолжетімді, тартымды болуы үшін танымал қазақстандық блогерлер мен авиакомпания өкілдерін тартып жатыр.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили, Мақпал Асубайқызы