Қытайдағы компаниялардың 90 проценті жекеменшік болып табылады

Жақында Қытай билігі шағын және орта бизнесті қорғауға арналған шараларды бекітті.

Жоба өнркәсіптің қысқаруы, тауар жеткізу желісінің бұзылуы және пандемиядан халық тұтынушылығының төмендеуіне байланысты қабылданған. Ал ресми дерекке қарағанда бұл елдегі компаниялардың 90 проценті шағын және орта бизнес субъектілері болып саналады.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Сәуір айында Қытайда өндіріс көлемі кәдімгідей қысқарды. Әсіресе шағын және орта кәсіпорындар. Зерттеулерге қарағанда бірінші тоқсанда шағын және орта бизнес субъектілерінің кірісі азайып, шығыны артқан. Осы ретте бұл кәсіпорындар елдегі негізгі жұмыс берушілер екенін ескерген жөн. Қызмет көрсету саласының әлсіреуі мен шағын және орта кәсіпорындардың жабылуы еңбек нарығына ғана әсер етіп қоймай, екінші жарты жылдықта экономиканың қайта қалыпына келуін қиындатуы мүмкін. Сондықтан ел билігі мамыр айында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шаралар пакетін қабылдады.

Гу Чжэньфэн, индустрия және ақпараттық технология департаменті директорының орынбасары:

- Индустрия және ақпараттық технология шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бірлескен көмек бағдарламасын қолға алды. Мысалы, 12 мың өнеркәсіпке көмек көрсету үшін 16 арнайы және 200 жұмысшы топ жөнелтілді. 

Шағын және орта кәсіпкерлікке көмек несие алуға жеңілдік, ғимараттарды жалға алуды субсидиялау және індетке қарсы шығындарды өтеу арқылы көрсетілмек. Екінші деңгейлі мемлекеттік банктер микро- және шағын өнеркәсіптерді қаржылай қолдауды ұлғайтады. Бұл секторға 243 миллиарl доллар қаржы бөлінеді. Жергілікті билік қарыздарын өтей алмаған өндіріс орындарын газ, электр энергиясы және судан ажыртпай оларға төлемдерін өтеуге жарты жылға дейін созады. Осымен қатар оларға шикізатты тасымалдауға қолдау көрсетіледі.