Германия парламентінде Украинадағы шиеленіске қатысты фотокөрме өтіп жатыр

Германия парламентінде Украинадағы шиеленіске қатысты фотокөрме өтіп жатыр

Ондағы суреттерді Бундестаг депутаттарымен  қоса Берлин тұрғындары да көре алады. Жалпы мұнда әскери іс-қимылдар орындарында болған кәсіби фотографтардың 50 жұмысы қойылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда қарулы қақтығыстың жантүршігерлік кадрлары мен жақындарынан айырылып қалған адамдар бейнеленген. Көрмені волонтерлер мен Германияда тұратын украиналық босқындар ұйымдастырған. Кейін ондағы жұмыстарды Еуропаның өзге мемлекеттерінің астаналарында көрсету жоспарланып отыр. 

Леся Лутченко, фотокөрменің жоба менеджері:

Бейбіт өмір сүріп жатқан адамдарға соғыстың не екенін түсіну қиын. Бомбалар жарылып жатқанда сол жердегі тұрғындардың қандай сезімде болатынын елестетудің өзі оңай емес. Украинадағы қарулы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Сондықтан жергілікті депутаттар фотокөрмедегі суреттерді көргесін осындай қиын кезеңде Украинаны қолдауға бағытталған шешімдер қабылдауы мүмкін. Қазір біздің көрменің материалдары Ирландияда, Жапония мен Жаңа Зеландияда көпшілікке көрсетілуде. Тағы бірнеше мемлекеттен сауал келіп түсті.