Қырғызстанда электр энергиясының бірыңғай нарығын құру қолға алынды

Қырғызстанда электр энергиясының бірыңғай нарығын құру қолға алынды

Бішкек қаласында бірінші Еуразиялық форум өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басқосу барысында одаққа мүше елдердің энергетика саласының жетекшілері электр қуатының бірыңғай нарығын құру жолдарын талқыға салды. Мамандардың пікірінше, бұл жобаның болашағы зор болғанымен, оны құру оңай іс емес.  

Одаққа мүше әр елдің дербес энергетикалық жүйесі бар. Тарифтері де әртүрлі. Ал бірыңғай нарық құрылса, бұл ұлттық органдардан жоғары тұратын алаң болмақ. Әрбір елдің мүмкіндіктері ескеріліп, ортақ мүдделерге басымдық беріледі. 

Жандос Нұрмағанбетов ҚР энергетика министрінің орынбасары:

– Біздің кәсіпкерлеріміз Қазақстанда электр қуатының өндірісін салып, бағасы сәл жоғары көрші Ресейге сатуына болар еді. Қырғызстан гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асырып, біз олардан сатып алып, қуат тапшылығы сезілетін оңтүстік өңірлерімізді қамти алар едік. 

Қазіргі кезде мүше елдердің энергетикалық органдары бірыңғай нарық жұмыс істейтін заң нормативтерін қалыптастырып жатыр. Бұл күрделі іс, өйткені электр тогының ағынын дәлме-дәл өлшеу қиын. Нарық тетіктерін жүзеге асыру үшін үш сауда алаңы таңдалды. Ресей мен Беларусьте бұл тауар-шикізат биржалары, ал Қазақстанда электр энергиясы нарығының операторы – «Корэм» компаниясы.    

Виктор Каранкевич, Беларусьтің энергетика министрі:

– Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі кәсіпорындарға энергетика нарықтарына еркін әрі тең дәрежеде кіру мүмкіндігі. Ал бұл тиісінше экономиканың нақты салаларындағы ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін, жалпы одаққа мүше барлық елдер экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығы 2025 жылы толыққанды жұмыс істей бастайды. Форумға қатысушылардың мәлімдеуінше, ережелердің дені дайын, тек электр энергиясының саудасы кезінде есептесудің техникалық және қаржылық тұстарын реттеу қалды. Бұл нарықты құрудың басты мақсаты – өндіріс пен қарапайым тұтынушыларды іркіліссіз электр қуатымен қамту.

Авторы: Бақыт Чермашев