Украинадағы әскери қақтығысқа 100 күн

Ресей әскері 100 күннің ішінде Украина жерінің 20 процентін басып алған. Бұл туралы президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Майдан шебі мың шақырымнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ ресми Киев басып алған жерді қайтаруға толық мүмкіндігіміз бар дейді. Дәл қазір Северодонецкіде қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Донбас аймағында да солай.

Владимир Зеленский,  Украина президенті:

- Северодонецкідегі жағдай өте ауыр. Лисичанск, Бахмут сияқты қалаларға да шабуыл жасалып жатыр. Ресей әскері бар күшін жұмсап әлек. Әсіресе, майданның алдыңғы шебіне Донецк және Луганск облыстарындағы тұрғындарды қалқан ретінде қойып жатқаны сұмдық факт.

Ал Кремльдің мәлімдеуінше, Украинадағы әскери іс-қимылдар қатаң жоспарға сай өтіп жатыр. Жергілікті әскери инфрақұрылым толық істен шығарылу үстінде. Бұған дейін Ресейдің Қорғаныс министрлігі Мариуполь мн Херсон облыстарын бақылауға алғанын хабарлаған болатын. Кремль «АҚШ Украинаға қару-жарақ беру арқылы отқа май құйып отыр» деп айыптайды.

Дмитрий Песков, РФ президентінің баспасөз хатшысы:

- АҚШ әдейі отқа май құйып отыр. Құрама Штаттар Ресеймен соңғы украиналық қалғанша соғысуға бел буған сияқты. Қару-жарақ жеткізілген сайын Украина басшылығының бейбіт келіссөздерді жаңғырту ниетін бұзады.

100 күннің ішінде Украинадағы соғыстан 4 мыңнан астам бейбіт тұрғын ажал құшып, мыңға жуығы жарақат алған. Әлі ресми нақтыланбағаны қаншама.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Зәуреш Думанқызы