АҚШ-та қару сату қатаңдатылмақ

АҚШ-та қару сату қатаңдатылмақ

АҚШ-тың Өкілдер палатасының Сот комитеті қаруды иелену мен сату заңдарын қатаңдатуды талқылауға кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған соңғы апталарда тіркелген қайғылы оқиғалар, оның ішінде, Техастағы мектептегі атыс түрткі болды. Комитет «Біздің балаларымзды қорғау туралы заң» деп аталатын жобаны қарастырмақ. Құжатта қаруды сатып алу жасын 18-ден 21-ге дейін көтеру, оны сатуды шектеу және қаруды қауіпсіз сақтау мәселелері қамтылған. Бірақ сарапшылар өкілдер палатасы жобаны қабылдағанмен сенатта бекітілуі екіталай дейді. Себебі, онда осы заңға қарсы шығушы республикалықтар демократтармен бірдей дауысқа ие.  

Стив Коэн, конгресмен:

- Бұл нағыз соғыс қаруы. Ол адамдарды өлтіруге арналған. Оны Джексон Ли ханым көрсеткен 19 баланың суретінен-ақ байқауға болады. Оқ құрбандардың денесін шүңірейтіп тесіп, адам танымастай қылып жіберген. Енді олардың жеке басын анықтау үшін арнайы сараптама жасату қажет. Соғыс қаруына жол бермеуіміз керек!

Дэн Бишоп, конгресмен:

- Бұл заң жобасын қалай болғанда да өткізуге тырысу әрекеті сияқты. Егер сіздер біздің дауысымызды естіп, дәйектерге құлақ аспасаңыздар біз ол құжатты өткізбейміз. Сіздер қорқыту арқылы америкалықтарды негізгі құқығынан айыра алмайсыздар.

БАЙДЕН ШАБУЫЛДАУШЫ ҚАРУҒА ТЫЙЫМ САЛУҒА ШАҚЫРДЫ  

Президент Джо Байден мәселеге қатысты үндеу жолдап,  шабуылдаушы қаруды сатуға тыйым салуға шақырды. Мақсат Конгресс пен Сенаттың осы заң жобасын қабылдауына қолдау білдіру. Мәселен АҚШ-та 2004-ші жылға дейін осы қару түрін сатуға тыйым болған. Бірақ заңның мерзімі аяқталып, оны сатуға қайта рұқсат берілген еді.